Атырауда 16 қабатты тұрғын үйде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор С.Шәріпхановтың жеке бақылауымен 2023 жылғы 21 қыркүйекте «Алмагүл» ықшам ауданындағы 16 қабатты тұрғын үйде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Облыстық ТЖД Қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, өткізілген өрт-тактикалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және нығайту.
Көпқабатты үйдің тұрғындарымен өрт және басқа да ТЖ туындаған кездегі қауіпсіз мінез-құлық бойынша түсіндірме әңгімелер өткізілді. Білімдерін бекіту мақсатында тұрғындар ықтимал өрт кезіндегі іс-әрекеттерді тәжірибе жүзінде пысықтады.
Сонымен қатар, министр балалармен әңгімелесіп, өрт кезіндегі іс-әрекеттер туралы сұрақтар қойды. Балалар еш мүдірместен жауап беріп, өрт қауіпсіздігі туралы бар білімдерін көрсетті.
Өз кезегінде өрт сөндіру және құтқару бөлімшелері адамдарды тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарынан құтқару және қауіпсіз эвакуациялау бойынша іс-қимылдарды пысықтады. Сондай-ақ оқу-жаттығу барысында ТЖД қызметкерлері өртті сөндірудің тактикалық шарттары мен биік ғимараттардың конструктивтік ерекшеліктері бойынша өздерінің практикалық білімдерін толықтырды.