Бұл туралы біз облыстық жұмыспен қамту басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиевадан сұрастырып білдік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жалпы, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бойынша соңғы екі жылда жұмыспен қамту шараларына 30 598 адам тартылған. Жұмыспен қамту шаралары мемлекеттік бағдарламалар негізінде іске асады. Мәселен, жұмыспен қамтылғандардың 795-і жастар, олар жастар практикасы арқылы қабылданған. Ал оқуын аяқтаған 100 студент «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа орналасып отыр. Сондай-ақ биылдан бастап іске асқан «Ұрпақтар келісім-шарты» және «Күміс жас» жобасы аясында 41 адам жұмыспен қамтылған.
- Соңғы екі жылда 30 598 адам түрлі шаралармен қамтылып, уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Ал биыл жалпы жұмыспен қамту орталықтарына 28 мыңнан аса адам жұмыс мәселесі бойынша хабарласты. Қазір оның 40 пайызы жұмыспен қамтылып отыр. Оның ішінде 8 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа орналасты. Одан өзгелері түрлі бағдарламалар негізінде бірі уақытша, бірі әлеуметтік жұмыстармен қамтылды, - деді Г.Аманғалиева.
Оның айтуынша, бұдан бөлек 429 жұмыссыз әр түрлі мамандықтар бойынша оқуға жіберілген. Ал 855 адам «Skills» веб-жобасы арқылы онлайн оқыған. Сонымен қатар, «Бастау-бизнес» жобасымен 2346 адам кәсіпкерлік негізде білім алған.
Ал, биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей қалған түлектер «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатыса алады. Аталған жоба аясында жыл аяғына дейін 300-ге жуық жас жұмыспен қамтылады деп күтілеуде. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті.
- Жастарды қолдау бағытында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу кезеңі ұзартылып, еңбек ақылары да ұлғайтылды. Бұрын жастар практикасына жолданған жастардың еңбек ақысы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленсе, қазір 30 айлық көрсеткішке дейін өсті, жұмыс мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін. Алғашқы жұмыс орны жобасына қатысу кезеңінің ұзақтығы 1 жылдан 18 айға дейін, еңбекке төленетін ақы мөлшері 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін көбейіп отыр. Сондай-ақ, биылғы жылдың жаңалығы «Алғашқы жұмыс орнына» ҰБТ-дан өтпей қалған түлектер де қабылданады, - дейді А.Мәмбетов.
Айта кетейік, өткен жылы «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 104 жас жұмысқа орналасқан.