Әлеуметтік қызметкер Қарлығаш Қадырғалиева мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуда үлесін қосып келеді

Әлемді құтқаратын екі сиқырлы күш бар – бірі махаббат болса, екіншісі – мейірімділік. Тағдыр тәлкегіне түсіп, өмірдің ауыр соққыларына тап келген әлжуаз жан үшін осы күштердің маңыздылығы сөзсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз бойына осы екі қасиетті қатар сіңірген жан – Қарлығаш Қадырғалиева. Қарлығаш ханым Дамбы ауылдық округінің амбулаториялық орталығында әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Негізгі қызметімен қатар әлеуметтік жобаларда да бой көрсетіп, мүгедектігі бар жандарға «екінші өмір сыйлау» жолында қолдан келер көмегін аямауда.
- Қарлығаш ханым, әлеуметтік қызметкер болу аса табандылықты, жігерді қажет ететін мамандық. Өйткені, бұл маман иелерінің жұмысының есігі жабылмайды. Бұйымтайын айта келетін жан көп. Неше түрлі тағдырдың куәсі болу эмоционалдық тұрғыдан да оңай емес. Осы мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
- Әлеуметтік қызметкер болғаныма биыл 8 жылдай болып қалды. Бұл мамандықты таңдауымның себебі бала күннен арманым медицина саласында жұмыс жасау болатын.Күнделікті жұмыста кішкентай баладан бастап үлкен кісіге дейін көмек көрсетеміз. Бұл мамандықтың қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Әркімнің пешенесіне жазылған тағдыры әр қилы. Шынымен де, көптеген жүрекке ауыр тиетін жағдайлардың куәсі боламыз. Жақын қабылдамайын десең де, адам болғасын, бәрібір жанын ашымай тұра алмайсың. Бірақ кейде тағдырдың жазған қиын тағдырына төтеп беріп, жігерлене түскен жандар да кезігеді. Оларға қарап әрине таңданамын, әрі қуанамын.
- Сондай жандар туралы мысал келтіре аласыз ба?
- Біздің Орталықта Балабаев Есболат деген азамат тіркелген. Ол кісі науқас болып саналғанмен көпшілікке үлгі боларлықтай жан. Қазақстанның арбадағы би бойынша чемпионы атанған, көптеген әлемдік жарыстарда пара жеңіл атлетикадан бақ сынасып жүрген спортшы. Есболат өзі жол апатына ұшырап, жүру қабілетінен айырылса да, мойымай, өзгелерді де өмірді сүюге шақырады. Есболатпен жақын араласып, дос болып кеттік. Ол өзі бір орында отырмай, үнемі өзін-өзі дамытуға тырысады. Былтыр сәуір айында “Мүгедектігі бар жандарды тиімді оңалту”жобасы туралы айтты. Жобаға еріктілер қажет екенін айтып, маған сен қатысып көр деп қолқа салған болатын. Маған да қызық болды. Солай, екінші жыл болды осы жобада еріктімін.
- Бұл қандай жоба? Мақсаты не?
- Бұл жобаны «Біз де адамбыз» деп аталатын мүгедек жандардың мүддесін қорғауды мақсат тұтқан қоғамдық қор «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асырады. Айта кететін жайт, қордың төрайымы Гүлназ ханым да мүгедектер арбасында отыратын қазақтың мен деген жігерлі қыздарының бірі. Соның арқасында көптеген мүгедектігі бар адамдар толыққанды өмір сүруге ынталанып жатыр. Жоба екі бағытта жұмыс істейді: біріншіден, жаттықтырушылар қатысушыларға мүгедектер арбасында толыққанды өмір сүруді үйретеді. Ал екіншіден жоба аясында реабилитолог-нұсқаушы мамандарын дайындайды.
- Жобаның мүгедек жандар үшін маңыздылығы қандай?
- Жоба мүгедектер арбасын пайдаланушыларға серпіліс береді. Моральдық тұрғыдан жақсы әсер етіп, олардың қоғамға кері қосылуына себепші болып жатыр, мүгедектер арбасында отырып толыққанды өмір сүруді үйретеді. Мүгедек жандар үшін қасық ұстап тамақ ішу, киіну секілді қарапайым әрекеттер өте қиынға соғады. Ал осы жоба осындай әрекеттерді жасаудың жеңіл әдістерін үйретеді. Қатысушылар жобада түрлі физикалық-гимнастикалық дене шынықтыру жасайды, спортпен шұғылданады. Мысалы, бассейнге түседі, садақ атады, бочча секілді Параолимпиада ойындарын ойнайды. Осы жоба арқылы қаламызда мүгедек жандар бірігіп, өздері орта қалыптастырып жатыр. Олар бірге уақыт өткізіп, бірін-бірі қолдап, тағдырластар тапқандай. Ең қызығы, жобадағы тренерлердің өздері мүгедектер арбасын пайдаланушылар, Беларусь елінен келген оқытушылар. Олардың өмірге деген көзқарасы бөлек. Оларды мүмкіндігі шектеулі жан деп айту туралы ой да пайда болмайды. Өйткені, олар ешкімнің көмегіне мұқтаж емес. Әуежайдан түскен сәттен бастап, тренинг бойы, күнделікті өмірде олар дербес, ешкімнің көмегіне мұқтаж болмай, арбада емін-еркін өмір сүрді. Және осы арқылы олар жоба қатысушыларын, мүгедектер арбасын қолданатын жандарды шабыттандырды. Соларға қарап, көптеген қатысушылар өмірге көзқарасын өзгертті, өздерін аяуды қойды. Керісінше өздерін «қамшылап», жақсы өмір сүруге бет бұрды.
- Жоба сізге жеке тұлға ретінде не берді?
- Өзімнің туған анам екінші топ мүгедегі болатын, осыдан бір-екі жыл бұрын дүниеден өткен атам бірінші топ мүгедегі болатын. Ол кісілерді қолдан келгенше бақтық. Бірақ осы жобада қалай күтім жасау керек, қалай қарым-қатынас жасау керектігін жаңадан үйренгендей болдым. Бұл 100% практикаға негізделген ақпарат. Сонысымен де құнды болды. Жобада мен ерікті ретінде қатысушыларға сүйемелдеу тұрғысынан көмек көрсеттім. Жаттықтырушылар көрсеткен әрекеттерді бірден өздігінен қайталау қауіпті. Сондықтан, еріктілер оларға қолдау көрсетіп, әбден машықтанғанша қастарында болады. Мысалы, көптеген қатысушылар осы жобада қасық ұстап, өздігінен тамақтануды үйреніп жатыр. Бұл – олар үшін, олардың жақындары үшін үлкен жеңіс. Өздігінен киініп үйренулері де біреудің көмегіне зәру болу сезімінен құтылып жатыр. Жобаның осындай нәтижелерін көріп, мен де бұл ақпаратпен айналамдағы жандармен бөліскім келеді. Өзім толыққанды меңгерген соң, әріптестеріме реабилитациялық шаралар туралы айтқым келеді. Сонымен қатар, осы салада кәсіби тұрғыда дамығым келгендіктен, мен медицина саласына оқуға түскен болатынмын. Қазір Медициналық колледждің 4-ші курсында оқимын. Менің жасым биыл 40-қа келеді, сәйкесінше тобымда жастары кіші студенттер. Соларға бар білген біліміммен, тәжірибеммен бөлісуге тырысамын, қоғамда кездесетін осындай мәселелерді сөз қыламын. Адам ретінде қанағат, денсаулықтың қадірін түсіну, кейде елемейтін бақытты сәттерді бағалауды үйретті. Күнделікті күйбең тірлікте мейірімді болуды ұмытпауды үйретті.
- Жоба қазір қандай шаралар ұйымдастырып жатыр?
- Қазіргі таңда жобаның жаңа кезеңі басталды. Биыл жаңа қатысушылар қосылуда. Жобаға 2 жыл бойы қатысып, барлық практикалық тапсырмаларды сәтті тапсырған жоба түлектері биыл өздері реабилитолог-нұсқаушы ретінде жобаға қатысады. Яғни, биыл Беларусь елінен жаттықтырушылар келмейді, оларды өзіміздің кадрлар алмастырады. Бұл жоба қатысушыларына үлкен мотивация, қаржылай көмек көзі. Ал біздер, еріктілер, жобада биыл реабилитолог-нұсқаушының ассистенті ретінде қатысамыз. Жаңа қатысушыларды оқытудың шаралары сәуір айында басталады. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Орыс тілінде көп кездесетін ақпаратты қазақ тіліне аударып, өзіміздің қатысушыларымыздың қажеттіліктеріне сай бейімдеп жатырмыз. Сонымен қатар, тренерлік қабілеттерімізді жақсартуға арналған тренингтерге қатысып, біліктілігімізді арттырып жатырмыз.
- Мүгедектігі бар жандардың өмірін жақсартуға қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?
- Алдымен, ақпараттандыру жұмыстары қолға алыну керек. Мүгедек атанып, емханадан жаңадан шыққан жандар көбінесе үйлерінен шықпай, «қамалынады». Әрине, олар арбада өмір сүруге қорқады, арбаны үкім ретінде қабылдайды. Бұл реабилитация процесін тежейді, баяулатады. Сондықтан, оларды өмірге кері қайтаратын осындай шаралар қажет. Сонымен қатар, тілерім Қазақстанда кедергісіз орта орнап, арбаға таңылған жандар емін-еркін өздері қозғалатындай күнге жетсек екен. Себебі, мүмкіндігі шынымен шектеулі жандар аз, бірақ олардың мүмкіндігін шектейтін кедергілер өте көп.