Атыраулық тәртіп сақшылары телефон алаяқтарының қалай дауыс өзгертіп, халықты алдап түсіретінін көрсетті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері "Hi-Tech" іс-шарасы кезінде Krisha.kz парақшасында пәтерді жалға беріледі деп жалған хабарлама беру арқылы тұрғындардан алдын-ала төлем ретінде ақшаларын аудартқан күдіктіні ұстады. Алаяқтық жолмен біреудің ақшасын алып келген адм – ер азам болса да, дауысын құбылта алатын өнері бар екен. Ол бірде әйел, енді бірде ер адам болып сөйлесіп келген.
Мәселен, пәтер жалға алу хабарламасы бойынша 37 жастағы қала тұрғыны Whatsapp әлеуметтік желісі арқылы хат алмасып, күдіктіге алдын-ала 50 000 теңгесін аударған. Соның салдарынан жәбірленуші сан соғып қалды. Тергеу кезінде күдіктінің осындай тағы да 3 қылмыстық іске қатысы бары анықталды.
«Аталған дерек бойынша ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», - деп хабарлады облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, облысымызда жыл басынан бері 20-ға жуық адам тұрғын үй жалға беріледі деп интернет парақшалар арқылы жарияланған жарнамадан сан соғып қалған. Осы ретте, атыраулық тәтіп сақшылары әлеуметтік желі арқылы жарияланған ақпараттардың дұрыстығына мән беріп, интернет-алаяқтардың арбауынан сақ болуды ескертеді.
Эльмира Мықтыбаева