Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі өртенген қойларға қатысты қосымша ақпарат берді, деп хабарлайды ATPress.
Оқиға 2022 жылдың 1 шілдесі күні күні сағат 20:00 шамасында Батыс Қазақстан облысы, Бөкей- Орда ауданы бағытынан Сүйіндік ауылдық округі, Жалғызапан ауылында болған. Сол күні өрт сөндіру бөліміне Жалғызапан ауылының солтүстік-батыс жағынан шамамен 3 шақырым учаскеде дала өрті туралы хабар түскен.
Оқыс оқиға салдарынан, “Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты” ЖШС-нің иелігіндегі 1003 бас қой өрт ішінде қалып қойған. Абырой болғанда, оның ішінде тірі қалған 199 бас қой сойып алынды. Ал 304 бас қой Атырау қаласына автокөлікпен жеткізілді. Шығын көлемі 500 бас қой. Серіктестік тарапынан мал басы шығыны жөнінде құзырлы органдарға арыз-шағым түспеген. Зардап шеккен тұрғындар жоқ.
Өртті алдын алу үшін сол маңдағы шаруа қожалық өкілдері, Сүйіндік ауылдық округінің тұрғындары, Азғыр өңірінде геологиялық барлау жұмыстарымен айналысып жатқан «ТАТ Арка» ЖШС-ның техникалары (10 техника, 30 ерікті өрт сөндірушілер) жұмылдырылып, 2 шілде күні сағат 02:00 шамасында тілсіз жау ауыздықталды.
Дала өрті негізінен Жалғызапан ауылының Асқар, Бесоба, Апандыкөл қыстақтары аймақтарын қамтыған. Қызыл жалын шарпыған жер көлемі 47 гектарды құрады.
Фото ашық дереккөздерден алынды.