«Ақжайық» қонақ үйінің алдағы тағдыры белгілі болды

«Ақжайық» қонақ үйінің сәулеттік келбетін жөндеп, заман талабына сай қалпына келтіріп, іске қосатын уақыт жетті. Бұл туралы қала әкімі Шәкір Кейкин мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

25 желтоқсан күні Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің төрағалығымен қала орталығының нағыз көрнекі жерінде орналасқан «Ақжайық» қонақ үйінің сәулеттік келбеті сын көтермейтіндей жағдайда болуына байланысты жиын өтті. Жиынға қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Мырзағалиев, «Атамекен» Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Сүйенбаев, қалалық мәслихат депутаты Руслан Күмісқалиев, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жұмабек Жұмағалиев, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мәлік Кариев және «Технэ хотел» ЖШС мекемесінің басшысы Санжар Тлепов қатысты. 

Жиында қонақ үйдің сәулеттік келбеті мен қонақ үй алдында заңсыз орналасқан кәсіпкерлік дүңгіршектер тақырыбында болды. 

- Халық қалаулылары мен қала белсенділері, қаламыздың сәулеттік келбетіне жанашыр ардагер ағаларымыздың да көкейіндегі сұрақтың бірі – «Ақжайық» қонақ үйінің бүгінгі келбеті мен жағдайы. 2018 жылы қонақ үй ғимаратының өртену салдарынан ішкі және сыртқы келбеті сын көтермейді. Өрттің орын алғанына бүгінде бес жылдан аса уақыт өтіпті. Алайда өзгеріс жоқ. Қыс мезгілінде ішкі жұмыстарын жасап, жазда сыртқы келбетін қалыпқа келтіретіндей уақыт болды. Жайық бойында, қаламыздың орталығында орналасқан бұл ғимараттың сәулеттік келбетін жөндеп, заман талабына сай қалпына келтіріп, іске қосатын уақыты жетті. Сонымен қатар, нысанның бағыты қонақ үйге арналған соң, кәсіпкерлер арасында өзара келісіммен атқарушы органның рұқсатынсыз орналастырылған жеңіл конструкциядағы кәсіпкерлік бағыттағы дүңгіршектер анықталды. Аталған кәсіп иелеріне заң талаптарын орындап, қала орталығындағы осыған дейінде күйі кетіп тұрған қонақ үйдің алдын қосымша заңсыз дүңгіршектермен келбетін бүлдірмеу қажет, - деді қала әкімі.

Ал «Технэ хотел» ЖШС мекемесінің басшысы Санжар Тлепов қонақ үйдің сыртқы келбеті 2024 жылы наурыз айында қалпына келтіріп,  ішкі жұмыстары жоспарға сай жүргізілетінін айтып,  қала әкімі мен жиынға қатысушыларға өз уәдесін берді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: "фейсбук"