Атыраулық айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Саадат Нұрманов республикалық референдумда дауыс беріп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Өнер иесі ел өміріндегі маңызды саяси науқанға әр азаматтың бейжай қарамауы керектігін атап өтті.
— Өнер адамдары, соның ішінде айтыс ақындары қоғамдағы өмірмен тығыз байланыста болуы тиіс. Біз халықтың мұңын айтып, елдің сөзін сөйлейтін жандармыз. Сондықтан қоғамда болып жатқан өзгерістер мен саяси үдерістерден де хабардар болғанымыз жөн. Әсіресе жастар жағы елдің болашағына қатысты мәселелерді біліп, белсенділік танытса деймін. Бүгін өз таңдауымды жасап, азаматтық борышымды орындадым, — деді Саадат Нұрманов.
Айтыскер ақынның айтуынша, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге әр азаматтың үн қосуы қоғамдағы бірлік пен жауапкершіліктің белгісі.
Айта кетейік, республикалық референдум – азаматтардың мемлекет дамуына қатысты маңызды мәселелер бойынша өз пікірін білдіретін демократиялық тетік.