«Елсана» руханият-патриоттық клубының ұйымдастыруымен «Құрмет» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева Атырау жастарымен кездесті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кездесу барсында жастарды шығармашылыққа баулу және «Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақынның өмірі мен шығармашылығын жастарға насихаттау мақсат етілген.
Іс-шараға қоғамдық ұйымның мүшелері мен колледж студенттері қатысты. Онда жергілікті жастар әдебиет, өнер туралы сұрақ қойып, пікір алмасты. Негізінен ақынның өнер жолына қалай келгені айтылып, тәлім-тәрбие, қызметі және өмірлік көзқарастары турасында тақырыптар қозғалды.
- Еліміздегі қиын кезде бір-біріне қолдау көрсетіп, мейірімділік танытып, сүйеу болатын ұрпақ тәрбиелеу біздің мойнымызда. Біздің өмір артта қалды, ендігі жастардың болашағына қараймын. Әсіресе, сонау Томирис пен Домалақ анадан, Хиуаз, Әлия мен Мәншүктен тарайтын қазақ қыздарының тағдырын ойлаймын. Ұлы даланың қызы - болашақ ана, әже. Сондықтан қыз тәрбиесіне мән беріп, сөз қозғап, әлі күнге жырлап келемін,- деді А.Бақтыгереева.
Айта кетейік, іс-шарада кітап көрмесі ұйымдастырылып, келушілер қаламгердің кітаптарымен танысты.