Аққыстау ауылындағы №133 референдум учаскесінде дауыс беру үдерісі ерекше рухани атмосферада өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл күні Исатай ауданындағы республикалық референдумға «ЖайықМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жанынан құрылған «Қазына» ардагер мұнайшы әжелер ансамблінің мүшелері де белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады.
Дәстүрлі ақ кимешек киіп, ақ жаулық жамылған аналар референдум учаскесіне көтеріңкі көңіл күймен келді. Олар дауыс беріп қана қоймай, учаскелік комиссия мүшелері мен тұрғындарға халық әндерін шырқап, маңызды саяси күннің мәнін арттыра түсті. Әжелердің әсем әуені дауыс беруге келген тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлап, көпшілікке рухани әсер қалдырды.
— Ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқандарға қатысу – әр азаматтың парызы. Біз бүгінгі таңда өз таңдауымызды жасап қана қоймай, елге ақ тілегімізді жеткізгіміз келді, — деді ансамбль жетекшісі Мақпал Отарова.
Айта кетейік, ұлттық дәстүр мен елдік жауапкершілікті ұштастырған аналардың бұл бастамасы ауыл тұрғындары тарапынан жылы қабылданып, жас буынға үлгі болды.