Аймақтың үздік кәсіпкерлері анықталды

Атырауда бәсекеге қауқарлы кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Жыл кәсіпкері – 2024» өңірлік байқауының марапаттау кеші өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өңір халқының қолайлы өмір сүруіне, ел экономикасының дамуына кәсіпкерлердің қосып жатқан үлесінің зор екенін атап өтті. 

- Бүгінде Атырау облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келеді. 2024 жылы кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға бюджеттен 13 млрд теңге қаралды. Нәтижесінде бүгінгі күні 1000-нан астам кәсіпкер қолдау тауып, 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Кәсіпкерлер төтенше жағдай кезінде де алғашқылардың бірі  болып қол ұшын соза білді.  Адал ниетпен жасаған игі істеріңізге алғысымызды білдіреміз,- деді М.Мурзиев.

Байқауға қатысу үшін 100-ден аса кәсіпкерден өтініш түскен. Жүзден жүйрік атанған мықтылар 11 номинация бойынша марапатталды. 

2024 жылдың қорытындысымен «Жыл кәсіпкері»  номинациясына құбырларды тазалау, ішкі диагностика, қысым астында тесу және жабу сынды түрлі  кешенді шешімдер ұсынатын «Alimay» ЖШС басшысы Ерлан Андашев лайық деп танылды. 

 «Үздік жас кәсіпкер» номинациясын «Перизат тәттілері» сауда желісінің негізін қалаушы Перизат Қанатқызы иеленді.  Ал «Үздік өндіруші» номинациясы «Құрман» шаруа қожалығының төрағасы Құрманбек Жаңабаевқа, «Үздік Отбасылық бизнес» атағы «Жарасқан» шаруа қожалығын жүргізу арқылы иесі Нұрым Мұхамбетовке бұйырды.  2024 жылдың «Сауда саласының үздігі» номинациясын жылыойлық кәсіпкер Айдын Баязиев, «Қызмет саласының үздігі» номинациясын  Атырау қаласынан «АтырауПромВентиляция» ЖШС директоры Надежда Чигрина иеленді. 

Байқау қорытындысымен 2024  жылдың «Үздік сәтті старт» номинациясының жеңімпазы «YETA» мекемесінің директоры Асель Суранчиева, «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» боп «Ақжан» мекемесінің директоры Ақмарал Мәдиқызы танылды. 

«Қаржы институтының үздік маманы» номинациясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ АОФ басшысы Гүлзада Шалагуловаға табысталды. «Абылай-хан» ЖШС  директоры Қарылғаш Утепова «Үздік кәсіпкер әйел» атанса, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер қауымдастығының шешімімен қызылқоғалық Шақар Есенбаеваға «Әлия тану» номинациясы берілді.