Африкалық азаматқа тиген атыраулық неден қорқатынын айтты

Африкалық жігітпен отбасын құрған қазақ қызы Заида Жаңабаева желіде жұртты алаңдатқан жазба жариялады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Атыраулық келіншек өзінің қара нәсілді азаматқа тұрмыс шыққанын сынап-мінейтін желі қолданушылары – хейтерлерден әбден шаршаған. Айтуынша, «Саптама етіктің астына салатын негр екен», «Аттың құйрығына байлап өлтіретін қатын бұндайлар», «Мына негір бай қылған мына қаншық тас атып өлтіру керек, баласын құдыққа батырып жоғалту керек», «Қазақтың жігітін таппадың ба, бейшара?», «Шеркештің жігіттері мына қара бәлені қатынымен қосып елден қуып шығуы керек қой», «Түрі құрсын, есалаң қыз, киімге тиіп жүрсің?» деген пікірлер бір сәт толастар емес.

Бірақ, бұл жолы олар тым шектен шыққанын айтқан атыраулық келіншек жұртты алаңдатқан жазба қалдырды. Онда ол пікір жазушылар бір жасар ұлына тиісіп, «құдыққа батырамыз» деп үркітіп-қорқытқанын айтады. Жазылған пікірлердің бәрін Заида жеке парақшасына жариялап қойған.

– Былтыр маусым айында Атырау қаласының прокуратурасына жала жабу және кибербуллинг, яғни, әлеуметтік желіде балағаттау немесе қорлау дерегі бойынша арыз жазған едім. Менің өтінішім Нұрсая ықшамауданының учаскелік полициясына жолданды. Тәрітп сақшылары үйіме келіп, «шағымым жоқ» дегендей түсініктеме жазуымды сұрады. Мен қарсы болдым. Себебі, шағымым бар екенін айттым. Сол өткен жылғы арызым қанша уақыт өтсе де, әлі де жауаспыз жатыр. Сонда мәндетті түрде шу шығарып, елді дүрліктіру керек пе? – деп ашынады ол. 

Еске сала кетейік, елді елең еткізген ерекше жұп 2021 жылы бас қосып, жұбайлық өмірге қадам басқан болатын. Сол сәттен бастап жас жанұя туралы көп айтылып, көп жазыла бастады. Желі қолданушылары оларды бір сәтке де тыныштық бермеді. Диванда отырып пікір айтатындар жазықсыз отбасыны басқаларға ұқсамағаны үшін ғана жазғырды. Бірақ, жас жұбайларға бақыт тілеп, жылы сөзбен қолдау білдіргендер де жоқ емес. Солардың бірі – жас блогер, инстаграм желісіндегі танымал «AtyrauQalam» парақшасының авторы Әділет Қанатұлы. 

«Қазіргі қоғам бірінші кезекке адамның адамгершілік қасиеттері мен рухани дүниесін емес, түр-сипаты мен материалдық жағдайын қояды. Бұл – ащы да болса шындық. Әлеуметтік желі адамдарды бір-бірінен алшақтатып жіберді. Біз экранның арғы жағында кім отырғанын, оның шын мәнінде қандай адам екенін, ел үшін қандай еңбек сіңіріп жатқанын білмейміз. Бірақ, сын айтуға бәріміз шеберміз. Ал, позитивті көңіл-күй сыйлауға, ізгі тілектер арнауға келгенде көңіліміз тарылып қалады. Осындай теріс энергияның әсерінен адамдар жамандыққа бой үйретіп алады. Біздер қазір біреу биіктен құласа да, біреуді көлік қағып кетсе де, біреу өзіне қол жұмсаса да таң қалмайтын болдық. Осының артында бір-бірімізге деген немқұрайлылық жатыр. Біреудің отбасында қиындық болып жатса, «бастысы өз отбасым аман» деп айналып өтеміз. Қол ұшын беруге қаражат түгіл уақыт та таппаймыз. Ең жақын адамдарымызға оларды қаншалықты жақсы көретінімізді айтудан да қалдық» дейді ол.