Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысының алғашқы күнінде 48кг салмақта өнер көрсеткен құрама көшбасшысы Абиба Абужақынова күміс жүлдегер атанды. Абибаның мансабындағы Grand Slam жарысының алғашқы күмісі.
Абиба биыл осымен әлемдік додаларда үшінші медаль еншіледі. Қаңтар айында ол Португалияда өткен Grand Prix және Бакудегі Grand Slam жарысында үшінші орынға тұрақтаған. Абиба мансабында осымен Grand Slam жарыстарында алты медаль жеңіп алды. Grand Prix жарыстарында алған 1 алтын, 1 қола жүлдесі бар.
Абиба Ташкент татамиінде алдымен Түркіменстан қызы Гозель Инамованы, сосын израильдік Малка Тамарды иппонмен жеңді. Ширек финалда АҚШ дзюдошысы Мария Келия Лабордадан шидомен басым түсті. Жартылай финалда 18 жастағы швед қызы Тара Бабульфатпен болған белдеуде ваза аримен жеңіліп тұрып, иппонмен жеңіп кетті. Тара Бабульфаттан Бакудегі Grand Slam жарысында жеңілген болатын. Осы жолы есесін қайтарды.
Финалда бейтарап спортшы ретінде қатысып жатқан ресейлік Сабина Глиязовадан жеңілді. Абиба мен Сабина осыған дейін бір рет жолығып, Абиба иппонмен жеңіске жеткен.