Абайлаңыз, жұқа мұз!

Атырау облысында күн суытып, аяз қыса бастағанымен, су айдындары мен Жайық өзенін бетінде мұз қатып үлгерген жоқ. Сондықтан мұз бетіне шығу қауіпті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Төтенше жағдайлар департаменті және аудандық бөлімдердің қызметкерлері тұрақты түрде жүргізетін профилактикалық шаралар арқылы оқыс оқиғалардың алдын алуда.

«Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің мұз үстінде балық аулаушыларға айыппұл салуға құқығы жоқ. Тек қауіпсіздік ережелерін айтып, алдын алу — құтқарушылардың басты міндеті.

Бүгінде Атырау облысының су айдындарында мұздың қалыңдығы жағалауларында 2 - 5 см аралығын құрайды, орта жағы әлі қатпаған. Бірақ мұның бәріне қарамастан, балықшылар, ойын ойнаған оқушы балалар мұзға шығып, өмірлеріне қауіп төндіруде. Тұрғындардан мұздағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз!», - дейді Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобындағылар.

Атырау облысы ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, қалыңдығы 15 см кем емес мұз адам үшін қауіпсіз деп саналады.

«Ересектер мен балалар, су айдындарында тәртіп ережелерін сақтаңыздар, сақтықтың қарапайым шараларын орындау - сіздің қауіпсіздігіңіздің кепілі! Ал егер сіз су айдынындағы жазатайым оқиғаның куәгері болсаңыз немесе өзіңіз осындай жағдайға тап болсаңыз, шұғыл түрде 112 телефоны бойынша көмек сұраңыз», - деп хабарлады Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобындағылар.

Эльмира Мықтыбаева