84 жастағы атыраулық ақсақал көпшілікті таңқалдырды

Атырауда 84 жастағы қоғам қайраткері Қатимолла Ризуанов домбырада ойнап, көпшілікті таңқалдырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол өңірде өткен «Күй-дария» байқауына қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды. Бір қызығы, конкурсқа домбырада ойнауға қызығушылығы бар кез келген адам қатысуға мүмкіндік алды. Олар Құрманғазы, Ықылас, Тәттімбет, Дина және басқа да авторлардың шығармаларын орындады. Сайыс нәтижесінде атыраулық Өнербек Жанбала бірінші, индерлік Кенжеғұл Жалғасбай екінші, исатайлық Мақпал Отарова мен құрманғазылық Қабибулла Шарапов үшінші орын иеленді.  Ал, Гран-при 84 жастағы Қатимолла Ризуановқа бұйырды.

«Мен Құрманғазының «Балқаймақ» күйін орындадым.  Домбырада ойнауды бала күнімде өзім үйреніп алдым. Алғаш рет сахнаға 1952 жылы Алматы қаласында Д.Нұрпейісова атындағы халықтық оркестр құрамында шықтым. Кейін мемлекеттік қызметте жасадым. Алдағы желтоқсанда 85 жасқа келемін» дейді ақсақал ағынан жарылып.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ