73 жастағы ақсақал әлемге саяхат жасауын Атыраудан бастамақ

Қазақстандық саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов бүкіл әлемді жаяу араламақшы. Ол жаяу жорығын бүгін, 2 тамызда Атыраудан бастағалы отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол Қазақстан – Ресей – Грузия – Түркия – Болгария – Сербия – Венгрия – Австрия – Германия – Франция – АҚШ – Қытай – Моңғолия – Ресей – Қазақстан бағыты бойынша саяхаттауды жоспарлап отыр. Осы жайлы Сәрсенбай Қотырашов Атыраудағы Жастар ресурстық орталығында атыраулықтармен кездесуі барысында айтып берді. 

Есеп бойынша, сапар 2 жылға созылмақ, ол турды 2025 жылдың тамызында аяқтауды көздеп отыр. Ыңғайлы болу үшін маршрут бірнеше кезеңге бөлінді. Бірінші кезең - Қазақстан-Ресей-Грузия-Түркия. Бұл кезең жоспар бойынша 3000 шақырымдай жолды артқа тастап, 100 күнде өтеді. Екіншісі - Түркия-Франция-АҚШ (180 күн және 9 мыңнан астам км). Үшіншісі - АҚШ-Қытай-Моңғолия-Ресей-Қазақстан (130 күн, және 4 мыңнан астам км).

Оның айтуынша, әлемге саяхаттауының басты мақсаты - Гиннестің рекордтар кітабына тіркеліп, әлемдік рекорд орнату. Кітаптағы мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге дейін дүниені 70 жастан асқан қарияның жаяу әлемді шарлағаны туралы жазба әлі жазылмапты. 

«Мен барлық жағынан дайынмын. Қазақстан бойынша жаяу марафон мен үшін әрі сынақ, әрі дайындық болды.  Марафонға қатысу үшін адамның жасы кедергі емес. Мен кез-келген қиындықты  жеңе алатыныма сенемін. Сондықтан осындай жауапты шешім қабылдадым. Әлемге саяхат жасағанда күніне 30-40 шақырымдай жаяу жүруді көздеп отырмын», - деді С.Қотырашев. 

Жиһанкез өзімен бірге дорбасын ала шыққан. Оның ішінде қажетті гигиеналық заттар, ауыстыратын киім-кешек, аяқ киім және азық-түліктің аз мөлшері салыныпты. 

Сәрсенбай Қотырашов саяхатының бірінші кезеңін аяқтаған соң елгеоралады. Көктем шыққан соң саяхат бағыты тоқтаған жерден саяхатын қайта жалғастырмақ.  Осы уақыт ішінде  жиһанкездің өкілдері осы жобаны қаржылай қолдайтын демеушілердің табылатынына үмітті. 

Сәрсенбай Қотырашов дүниежүзі бойынша жаяу марафонды бір жарым жылда аяқтауды жоспарлап отыр. Жол бойы оның денсаулық жағдайы бақыланады, сонымен қатар, шағын автобуста кәсіби фотограф пен видеоблогердің сүйемелдеуімен әлеуметтік блог жүргізіледі.

 Еске сала кетейік, 2022 жылы саяхатшы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын (8 мың км) 6 айда жаяу жүріп өткені арқасында бүкіл әлемге танымал болды.


Қасиет Бахкерейқызы