56 жастағы атыраулық пойызда төбелесіп, полицияға бағынбаған

Оқиға «Маңғыстау-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызында орын алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысының 56 жастағы тұрғыны қоғамдық орында масаң күйінде болып, балағат сөздер айтқан. Пойыз бастығының актісімен ер адам «Сай-Өтес» станциясында пойыздан түсірілді.

Құқықбұзушыны полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамай, қарсылық көрсетті.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ұсталған азаматта орташа дәрежелі алкогольдік масаңдық анықталды.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің бірден үш бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды: 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу), 434-бабы (Ұсақ бұзақылық), 667-бап (Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) және 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ Маңғыстау аудандық сотының шешімімен ұсақ бұзақылық және полицияның заңды талаптарына бағынбағаны үшін жоғарыда аталған азамат 50 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, құқық қорғау органы қызметкерінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, сол сияқты олардың заңды қызметіне кедергі келтіру – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ