52 жасында сәбилі болған атыраулық ана сұхбат берді

52 жасында сәбилі болып желіні шулатқан атыраулық Айгүл Нұржігітқызы обыстық «Атырау» газетінің тілшісіне сұхбат берді, - деп хабарлайды ATPress.kz.

Анасын бағып, біраз жыл жеке өміріне мән бере алмаған ол осыдан екі жыл бұрын ғана тұрмыс құрған екен.  Айгүл жолдасына жасанды жүктілік жайындағы жоспарын  өзі айтыпты.  Отағасы ол ұсынысты құп алып, Атырау қаласындағы  «Экомед» клиникасына барады.  Тиісті медициналық сараптамалардан өтіп, біраз уақыт дәрігерге қаралған жұп кейін  Нұр-Сұлтан қаласындағы «Экомед Астана» клиникасының көмегіне жүгінген.

-          Бұл жоспарымызды ешкімге тіс жарып айтқанымыз жоқ. Не дегенмен, тіл-көз бар дегендей. Жұмысымнан да шығып кеттім. Кейін күткен нәтижемізге жеткенде ғана   туыстарымызға хабарладық, - дейді Айгүл ханым.

«Ұлымыз 20 жасында көлденең ажалдан көз жұмған сәттен бастап  анасы дертке шалдықты. Үлкен қызымызды ұзатып, ұрпақ қызығын енді көреміз деген сәтте бақилық болды ол» дейді отағасы – құлсарылық азамат Ибрагим Шаукиров өмірден өткен жарын есіне алып.

Тірі адам тіршілігін жасауы керек , жанына демеу болар бір жанның керегін түсінген азамат Айгүлді тағдырдың өзі жолықтырғанын айтады.

-          Әулетімізде ұл болмады. Мен егіздің сыңарымын. Анамды қартайғанша бағып, ақ батасын алдым.  Ол мені үнемі уайымдап: «Жалғыз қалатын болдың-ау» деп отыратын.  Қазіргі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Сәби сүю – әр ананың арманы ғой» дейді Айгүл Нұржігітқызы.

Отағасы да дән риза. «Тағдырыма ризамын. Балалар бақытты болса, ата-ана да алаңсыз болады. Әр анаға сәби сүю бақыты бұйырса екен» дейді ол.

Айта кетейік, Атырау облысы, Құлсары қаласында 52 жастағы ана жасанды жолмен тұңғышын дүниеге әкелген еді. Ата-анасы ұлын Нұргелді атапты.