30-дан астам жасөспірім түн ортасында не істеп жүр?

Атырауда «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы аясында түнгі уақытта ата-ана қарауынсыз жүрген 30-дан астам жасөспірім анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті. 8-31 желтоқсан аралығында Атырау облысы аумағында кәмелетке толмағандармен, оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылықты анықтау, алдын алу сондай-ақ, балалар еңбегін пайдалану, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел- профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Іс-шара барысында Атырау қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері сағат 23:00 кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үй жайдан тыс жерде жүрген 30-дан астам жасөспірімді анықтады. Аталған жасөспірімдер қалалық полиция басқармасына жеткізіліп, заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБтК 442-бабы 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін екі ата-анаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен міндеттерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Осы орайда, тәртіп сақшылары ата-аналардан жасөспірімдерді түнгі уақытта назардан тыс қалдырмай, қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін ескертеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ