Облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл шара спекулятивті әрекеттердің алдын алу және өнімнің барлық тұрғындарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Биыл стабилизациялық қорға 5667 тонна көкөніс түсті. Келісімге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдері Атырау қаласының 11 супермаркетінде, 3 базарында және 6 сауда павильонында сатылады. Қазіргі уақытта стабилизациялық қор қоймаларында 200 тонна картоп сақталуда, бұл қаңтар айының соңына дейін жеткілікті болуы тиіс. Картоптың бағасы сауда орындарында 1 келі үшін 180 теңге.
«СПК «Атырау» көктемгі кезеңге 680 тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы үшін жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен қосымша келісім-шарттар жасалған. Стабилизациялық қордан сатылатын картоп нарық бағасынан айтарлықтай төмен бағамен ұсынылады. Алайда, қайта сату және асыра бағалау бойынша спекуляцияларды болдырмау үшін бір адамға 3 килограмнан артық картоп сатылмауы туралы шешім қабылданды. Бұл шара өнімнің барлық тұрғындар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған», — деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Айта кету керек, қаладағы басқа базарларда және «үй жанындағы» дүкендерде 1 килограмм картоп үшін 300-350 теңге сұралады.
Динара Канбетова