2025 жыл - Атырауда өндіріс өсті, инвестиция артты, жаңа АЭА ашылды

2025 жыл Атырау облысында кәсіпкерлік пен инвестиция саласы үшін маңызды бетбұрыс кезеңіне айналды. Өңірде өнеркәсіп өндірісі айтарлықтай өсіп, шағын және орта бизнес күшейіп, арнайы экономикалық аймақ құрылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 12 853,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 119,3 пайызға артқан. «Бұл – өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш», – дейді басқарма өкілдері.

Одан әрі тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 11 854,9 млрд теңгені құрап, өсім 121,1 пайызға жеткен. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде 799,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл салада да оң динамика сақталған. Басқарма дерегінше, өңдеу секторын дамыту алдағы жылдары негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Инвестиция бағытында да өсім байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 476,3 млрд теңгені құрап, Атырау облысы республика бойынша Алматы мен Астанадан кейін үшінші орынға шықты. «Қазіргі таңда Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 61 жоба енгізілді. Биылдың өзінде құны 103,7 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 1 320 жаңа жұмыс орны ашылады», – деп хабарлады облыстық басқарма.

Шағын және орта кәсіпкерлік те өңір экономикасының тірегіне айналып отыр. Басқарманың ақпаратынша, облыста тіркелген ШОК субъектілерінің саны 70 мыңнан асып, оның 65 мыңнан астамы нақты жұмыс істеп тұр. Бұл салада 138 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнім көлемі 2 448,2 млрд теңгеге жетіп, өңір ел көлемінде үшінші орынға тұрақтаған.

Одан бөлек, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламалар аясында 186 жобаға 37,4 млрд теңге бөлінген. Ауыл кәсіпкерлеріне арналған «Бизнес Аймақ» бағдарламасы арқылы 60-қа жуық жоба қаржыландырылса, биыл алғаш рет іске қосылған «Атырау өнімі» бағдарламасына 1 млрд теңге бағытталған. «Қолдау алған кәсіпкерлердің есебінен биыл бюджетке 158,2 млрд теңге салық түсті, 725 жаңа жұмыс орны құрылды», – деді басқармадағылар.

Тағы бір айта кетер жайт, 2025 жылғы 1 желтоқсанда Үкімет қаулысымен «Атырау» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Оның аумағында шамамен 70 инвестициялық жобаны орналастыру жоспарланып отыр. «Бұл аймақ өңдеу өнеркәсібі мен логистика саласын дамытып, өңірге ірі инвесторлар тартуға жол ашады», – деп атап өтті облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

Бұдан өзге, өңір билігі кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауды алдағы жылдары да басты бағыттардың бірі ретінде жалғастыра бермек.