Атырауда ұйымдастырылған муай-тайдан «Батыс Кубогі» республикалық турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Нұрсая» спорт кешенінде 4-6 қараша аралағында ұйымдастырылған муай-тайдан «Батыс Кубогі» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Іс-шара облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық муай-тай федерациясы «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен өтті. Турнирдің мақсаты – спорттық тәжірибе жинақтау, жас спортшыларды үлкен жарыстарға даярлау. Қазақ батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын еске алуға арналған спорттық додаға еліміздің батыс өңірлерінен 180 спортшы бақ сынады. Жарыс барысында жасөспірімдер 40 салмақ дәрежесінде бақ сынады, сонымен қатар 8 кәсіби жекпе-жек өткізілді.
- Бұл турнирге жалпы өңір бойынша 10 команда, ал Атырау қаласынан 40 спортшы қатысты. Сонымен қатар кәсіби түрде жекпе-жектер өткізілді. Жеңіске жеткен спортшыларға арнайы белдіктер мен қаржылый сыйлықтар табысталды, деді аға жаттықтырушы Нұрберен Әміржанов.
Жарыстың нәтижесі бойынша командалық есепте 1 орынға Атырау облысы, 2 орынға Қызылорда облысы, 3 орынға Орал қаласы ие болды.
Айта кетейік, бүгінде облыста муай-тай спорты Атырау қаласында және Мақат ауданында қарқынды түрде дамып, 2000-ға жуық облыс тұрғыны тұрақты түрде шұғылданады.