Қазақстандықтарға емхана таңдап, оған тіркелу үшін екі ай уақыт беріледі, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының тұратын аумағы шегінде еркін таңдау бойынша жыл сайынғы науқан басталады. Тіркеу науқаны 15 қыркүйекте басталып, 15 қарашаға дейін өтеді.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың айтуынша, емханаға тіркелудің бірнеше әдісі бар.
«Алғашқы әдіс – тұрғындар Egov электронды веб-порталы арқылы жүргізіледі. Тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Медициналық ұйымды таңдауда басты ескеретін нәрсе – емхана үйден немесе жұмыстан алыс орналаспауы тиіс. Бұл - дәрігерлердің науқасқа жедел жетуі үшін қажет. Тіркелуші шалғайда тұрса, емхана дәрігерлері үйге барып, медициналық қызмет көрсетпейді. Екінші әдісі – өзі таңдаған емханаға барып тіркелу. Облыстағы барлық емханалар бұл науқанды жүзеге асыруға әзір. Егер осы екі айдың ішінде басқа емхана таңдасаңыз, онда автоматты түрде осыған дейін тіркелген емханадан шығасыз», - дейді А.Әбілова.
Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша, кей жағдайда емханаға тіркеуден бас тартылады.
«Бекітілген нормативке сәйкес, азаматтарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін бір жалпы практикалық дәрігердің қарауында пациенттердің 1700-ден, учаскелік педиатрға 0 жастан 6 жасқа дейін 500-ден, 0-14 жасқа дейінгі балалар 900-ден асатын болса, емхана тіркеуден бас тартуы мүмкін. Осыны да ескергендеріңіз жөн», - деді Б.Ғазизов.
Науқан кезінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар бөлінісінде халықтың бөлінуін ескере отырып, 2024 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады.
Айта кетейік, Атырау облысында мемлекеттік және жекеменшік емханаларда 681 мың 867 адам тіркелген.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА