Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері мен 35 жасқа дейінгі жас мамандары «StartUp-2024» атты университетішілік байқауға қатысып, бизнес жобаларын іске асыруға мүмкіндік алды. Жүлде қоры – 12 млн теңге, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жоғары оқу орнында төртінші жыл қатарынан бизнес стартаптар байқауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау студенттер мен жас мамандар арасында шығармашылық ойлау мен кәсіпкерлік қабілеттерін және ғылыми және кәсіпкерлік ортаны дамытуды, сондай-ақ ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесуді, жаңа перспективалы білім беруді, ғылыми, әлеуметтік және шығармашылық бағыттарды дамытуды көздейді.
Қаңтар айының 15-нен басталған байқауға 22 ұсыныс түсіп, ақтың сынға 13 жоба іріктеліп алынды. Солардың ішінде ең бірінші болып 1 курс студенті Расул Теміров өзінің стартап жобасын қорғап, 500 мың теңгеге ие болды. Ол тойды видеоға түсіру тәсілін өзгертіп, сапа мен мәнге баса назар аударғысы келеді. Сонымен қатар қаланың әдемі жерлерін әсерлі етіп түсіріп, туризмді дамытуға үлес қосуға ниетті. Енді стартап жобасына берілген ақшаға қосымша құрал-жабдық сатып алмақ.
«Қазіргі тойлар 5-6 сағатсыз аяқталмайды. Бізде оны бастан аяқ түсіру қалыптасқан. Ал мен оны 20 минутқа сыйдырып, фильм етіп түсіргім келеді. Сол уақыттың ішіне тойдың бүкіл атмосферасын сыйдырғым келеді. Той иелері кино көргендей әсер алады. Яғни, Love Story-ден бастап тойдың соңына дейін қамтылады. Қазір шетелде той далада өтеді. Оны видеоға түсіргенде ерекше шығады. Атыраулықтар да тойды сондай форматта өткізуге ден қоя бастады. Мен соны да дамытуды көздеп отырмын», - дейді Р.Теміров.
Байқауға қатысушылар 4 бағыт бойынша жобаларын ұсынды. Олар бизнес, әлеуметтік, ғылыми және университеттің имиджін дамытатын жобалар.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Нұрмұханұлы Идрисов бұл байқаудың студенттер мен жас мамандар үшін үлкен қолдау екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарына қойылатын басты талап - студенттердің жұмысқа орналасуы және жұмыс орындарын ашу. Сондықтан 2020 жылдан бері университет қабырғасында студенттер мен жас мамандар арасында осындай байқау өткізіп, қаржылай қолдап келеміз. Соның нәтижесінде еліміз бен өңірімізге қажетті жобалар туындайды. Бірнеше жылдан бері бизнес өкілдері де сарапшы ретінде жастардың жобасын бағалауда үлесін қосып отыр. Берілетін қаржы аса үлкен болмаса да шағын идеяларды іске асыруға жеткілікті», - деді Саламат Нұрмұханұлы.
Жалпы, қорғалған жобалардың ішінде шыны қалдықтарын пайдаланып бұйымдар жасау, мобильді қосымшалар жасау, ораторлық өнер мектебі, art студия, ағылшын тілін үйрететін курстар, медиа қызметтерін көрсету секілді жобалар болды.
Комиссия құрамындағылар 13 жобаның барлығын үздік деп таныды. Стартап жобаға ең кемі – 300 мың теңге берілсе, ең көп қаржы, яғни 2 млн 800 мың теңге университеттің жаңа сайтын жасағысы келетін жастарға бұйырды. Байқау қорытындысы бойынша жас ғалым Эльвира Гайсинаның Car Wash мобильді қосымшасын жасау жобасы қолдау тапты. Қалғанын студенттер еншіледі.
Айта кетейік, 2020 жылдан бері университет тарапынан 10 жобаға 3 миллион 800 мың теңге берілген. Ал биыл жүлде қоры 12 млн-ға жетіп отыр.
Эльмира Мықтыбаева