"1000 мектеп» акциясы мамандық таңдауға көмектесті" - болашақ жолшы

Елімізде үш жыл бұрын басталған «1000 мектеп» республикалық акциясы өз жемісін бере бастады.

Аталған бағдарлама аясында кәсіпорынның Атырау облыстық филиалы өкілдері 2019 жылдан бері мұнайлы аймақтағы мектептерде 300- ге жуық онлайн және оффлайн форматта кездесу өткізді. Осы уақыт аралығында акция үмітті ақтады десек, артық айтқандық емес.
 Бүгінде 2019-2021 жылдар аралығындағы мектеп түлектеріне кәсіби жолшылар бағыт-бағдар берген. Солардың бірі атыраулық студент Қуаныш Амантаев  акция аясындағы кәсіби бағыт беруге арналған кездесулерге қатысу арқылы сұранысқа ие мамандық таңдауға мүмкіндік алыпты.  
«2021 жылы 11-сыныпта оқып жүргенімде мектебімізге «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалынан жол инженерлері, зертхана меңгерушісі келіп, елімізде кәсіби жолшылар тапшы екенін айтып, осы салаға оқуға түсуге шақырды. Егер жолшы мамандығын таңдасам, тұрақты жұмыс табылатынын, тұрақты жоғары еңбекақы төленетінін жеткізді. Соңғы жылдары Қазақстанда жол саласына өте жақсы көңіл бөлініп жатыр екен. Мыңдаған шақырым жолдар салынды, тіршілік бар жерде  жол құрылысы жұмыстары жыл сайын жалғаса бермек. Қазір өзімді бәсекелестік ортада ең қажетті маман ретінде шыңдауға бар күш-жігерімді жұмсап жүрмін» дейді болашақ жолшы.
Республика бойынша Қуаныш сияқты «1000» мектеп акциясының пайдасын көрген жастар көп. Олар жол құрылысшыларын даярлайтын бірнеше оқу орындарында білім алып жүр. Мәселен, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалы мен  Атырау энергетика және құрылыс колледжі арасында меморандумға қол қойылған. Соған сай студенттер жылына екі рет  филиал зертханасында ұйымдастырылатын «Ашық есік» күніне келіп, зертхана жұмысы және жаңа техникамен танысады. Үш жыл ішінде Атырау қаласындағы бірнеше колледжің студенті филиалда еңбекақы төленетін тәжірибеден өтті.
Енді «2000 мектеп» болып жалғасатын акция талай түлектің жаңа өмірге жолдама алып, қажетті мамандықты дұрыс таңдауға бағдар болмақ.    
Айта кетейік, бұл акцияны қолға алған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
Биыл басталатын «2000 мектеп»  акциясының мақсаты- Қазақстанда тапшы болып тұрған  жол саласы мамандарына деген сұранысты өтеуге атсалысу.

Ләззат Еділханқызы