Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың төрағалығымен өткен жиында осы жылға бекітілген квота туралы және көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде талқыланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Іс-шараға облыстық прокуратураның, мемлекеттік еңбек инспекциясының және еңбек мобильдігі орталығының өкілдері, сонымен қатар Атырау қаласы және аудандар бойынша 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер қатысты.
Аталған жиында 2024 жылға өңірдегі жұмыс орындарына квота белгілеу бойынша бекітілген тізімдер жарияланды.
- Облыс әкімдігінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №283 қаулысына сәйкес, төмендегі санаттағы азаматтар пайыздық мөлшермен белгіленген мекемелердің саны шығарылды. Яғни, он сегіз жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындары азаматтар үшін 1% мөлшерде 282 мекеме белгіленді. Нақтырақ айтсақ, мекемелер штаттық көрсеткіштің бір пайызымен осы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтуы тиіс. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін 1% мөлшерде 759 мекеме белгіленіп отыр. Ал ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, мүгедектегі бар адамдар үшін 2-4% мөлшерде 1175 мекеменің тізімі бекітілді,- деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов.
Сонымен қатар, аталған санаттағы азаматтарды квота шеңберінде жұмысқа орналастыру үшін және мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары бойынша сұраныстарды уақтылы беру мәселесі түсіндірілді. Ал квотаны орындамаған жағдайда құзырлы органдар тарапынан әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны айтылып, оған қоса «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық жүйесінде келісім-шарттарды енгізу қажеттігі жөнінде түсініктер берілді.
Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында 7 мыңнан астам мекеме жұмыс істейді.