Өңірде 1 қазан күні тұрғындарды тұмау және өткір респираторлық вирустық инфекциялардан қорғау мақсатында жаппай егу кампаниясы басталады. Бұл туралы Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сарсенғалиева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл жергілікті бюджет қаражатына Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында тұмаудың A /H3N2/, A/H1N1/ және B –штаммдарының антигендері бар. Тұмаудың жылсайынғы маусымдық вакцинациялау жұмыстары барлық облыстың емханаларында жүреді. Ал тегін вакцинамен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің, сабилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместрінде жүкті әйелдерді қамтамасыз етіледі.
- Тұмаудың алдын алудың барынша тиімді әдісі вакцинация. Өңірде вакцина мемлекеттік бюджет есебінен халықтың созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммунитет жетіспеушілігі бар балалар, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер сияқты мейлінше әлсіз тобына дәрі егіледі. Бұдан тыс, жұмыс берушілердің және тұрғындардың жеке қаржысына да вакцина егіледі. Ақылы егу емханаларда жүргізіледі, - деді А.Сарсенғалиева.
Өткен жылы эпидемиялық маусымда облыста тұмауға қарсы 67 111 адам екпе алған. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 65 000 адам, жұмыс берушілер есебінен 2111 адам егілді.