Атырауда қалалық Ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Айтыс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Атырау қаласында зорлық-зомбылықтың алдын-алу бағытындағы іс-шаралар кешені» жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгін жоба аясында «Отбасындағы әлеуметтік-психологиялық ахуал - қоғам тұрақтылығының негізі» атты тренинг өтті. Іс-шара тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін және халықты ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Тренингте Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығының төрайымы, отбасылық коуч Ақбаян Жақыпова қоғамда орын алатын келеңсіз оқиғалардың себеп-салдарлары мен олардың алдын алу үшін жасалуы тиіс іс-әрекеттерді түсіндіріп, маңыздылығына тоқталды.
- Атырау қаласына осы тренинг үшін арнайы келіп отырмын. Бұл тренингтің басты мақсаты – бүгінде отбасы институтын нығайту, қоғамдағы келеңсіз жағдайлар, отбасылық зорлық-зомбылықтар мен балаларға қатысты әділетсіздіктердің алдын алу. Сондай-ақ мұнда буллинг пен кибербуллингті болдырмау мақсаты көзделген. Тренингке қатысушыларға аталған тақырып аясында дайын ақпараттар ұсынылуда. Осы білімді олар ары қарай өз ұжымдарында, орталарында, аудандар мен ауылдарға да кеңінен таратып, іске асырады деген сенімдемін, - деді А.Жақыпова.
Тренингке мемлекеттік қызметкерлер, Дағдарыс орталығы мен Отбасын қолдау орталығының мамандары, Полиция департаментінің қызметкерлері, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар мен психолог, мамандар қатысты.
Айта кетейік, жоба 21-22 қазанда «Балалар мен жасөспірімдер арасында суицид пен буллингтің алдын алу» тақырыбында ұйымдастырылған тренингпен жалғасын таппақ. Жиын мектеп оқушылары мен ата-аналар, писхолог мамандар арасында өткізіледі