Жылыойда реабилитациялық лагерь ұйымдастырылды

Жылыойда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған реабилитациялық лагері ұйымдастырылуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімі мүмкіндігі шектелуі жандарға арналған реабилитациялық лагерьдің жұмысымен танысты. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Аудан басшысы лагерьдің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.

Құлсары қаласында жылыойлық мүгедектер арбасын қолданушыларға арналған оңалту лагері өз жұмысын бастады. Үш күн ішінде түрлі жарақат салдарынан мүгедектік алған жандар белсенді өмір сүруді үйренеді. Әлеуметтік реабилитацияға арналған шара ауданда осымен екінші рет "Теңізшевройл" компаниясының қолдауымен "Біз де адамбыз" қоры іске асыратын "Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту" жобасы аясында өтуде.

15-17 қазан аралығында лагердің қатысушылары мүгедектер арбасында өзгелердің көмегіне сүйенбей, дербес өмір сүруге қажетті дағдыларды үйретуге бағытталған тренингтік және спорттық-сауықтыру іс-шараларға қатысады. Лагерьге барлығы 14 адам қатысуда: қатысушыларға қажет кезде көмек көрсететін 7 ерікті мен 7 мүгедектер арбасын пайдаланушылар. Солардың арасында 35 жасар  Нұржан Жақыпов та бар. Бірнеше жыл бұрын оның беліне зақым тиіп, мүгедектер арбасын пайдалануға мәжбүр болған. Лагерь туралы естігенде, ол алғашқылардың бірі болып жазылып, қазір мүгедектер арбасын басқару, денені шынықтыруға арналған спорттық дағдыларды, мүгедектік туралы негізгі құқықтық білім және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын үйренуде.

Лагерьдің басты ерекшелігі және қағидасы – бұл жерде білім беру саласында және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту кезінде ұстанаын бүкіл әлемде танымал "теңбе-тең" әдісі қолданылады. Яғни, жобаның барлық жаттықтырушылары өздері де мүгедектер арбасын пайдаланады әрі олар осы жобаның алғаш түлектері. Олар екі жыл бойына Беларусь елінен келген тәжірибелі нұсқаушы-реабилитологтардан білім алған. Ал қазіргі кезде өздері үйренген білімді қатысушылармен бөлісуде. Нұсқаушылар өздері үйрететін лекциялар мен дағдыларды жеке тәжірибелерінен біледі, өздері де қатысушылармен тағдырлас. Бұл қатысушыларға да, жаттықтырушыларға ыңғайсыздық сияқты эмоционалды кедергілерден аулақ болуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, жоба аясында ай сайын мүгедектігі бар жандар және олардың көмекшілері психологиялық-мотивациялық тренингтерге, спорттық шараларға қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олардың әлеуметтенуіне, қоғамға қосылуына көмектеседі.