Оның айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету, кезекке қою әкімдіктің құзыретіне жатады. Жыл сайын 10 мыңға жуық арендалық, 2,5% жеңілдетілген несиемен, бастапқы жарнасы 10% кредиттік баспана беріледі. Жалпы, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражатқа сәйкес, осы арендалық және несиеге берілетін үйлерге басымдылық беріледі.

«Жылда біз 20-25 мыңға жуық азаматты тұрғын үймен қамтамасыз етсек, жыл сайын тұрғын үй кезегіне тұратын азаматтардың саны 40 мыңнан асады. Соңғы он жылда бұл кезектілік 6 есеге артты, оны да ескеру керек», – деді С. Жалқұл.

Қазақстанның өңірлері бойынша тұрғын үй қалай бөлінеді, қанша азамат тұрғын үй кезегінде тұр, олардың жалпы саны, әр санатта бойынша қанша адам, сонымен қатар реттік нөмірлері Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес kezekte.kz сайтында ашық жарияланған. Кез келген азамат осы сайтқа кіріп, аталған ақпараттың барлығын көре алады, ол нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады.

Ал кейбір азаматтар тұрғын үй кезегін жылжыту үшін алаяқтарға тап болады. Осы мәселеге тоқталған Сұлтанғали Жалқұл бұл әрекеттің заңсыз және мұндай жағдайға адамдар құқық қорғау органдарына жүгінуге тиіс екенін айтты.  

«Тұрғын үй тек қана тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес кезектілік тәртібімен беріледі. Бүгінгі күні кезектілік бүкіл республика бойынша толыққанды цифрландырылған, бір базада жүзеге асырылады, кезектен тыс тұрғын үй алу мүмкін емес және заңсыз», – деп нақтылады ол.

Өз кезегінде ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол ҚР Конституциясының 25-бабына сәйкес, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі деп белігіленгенін хабарлады. Оның сөзінше, тұрғын үй кезегінде тұрған ең көп азаматтар саны Шымкент қаласында – 50 506 азамат. Екінші орында – Түркістан облысы, үшінші орында – Астана қаласы, мұнда 46 мың адам. Қазіргі таңда Алматы қаласында – 41 366 адам, Жамбыл облысында 39  961 адам тұрғын үй кезегінде тұр.