Жаңаөзендік жұмысшылардың талабын қарайтын комиссия құрылды

Жаңаөзендік жұмысшылардың талаптарын қарау үшін жұмыс комиссиясы құрылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ҚМГ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін Астана полициясы ұстаған "БерӘли Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері босатылып, пойызбен Жаңаөзенге жөнелтілген.

"ҚМГ байланыс тобы мен "БерӘлі Маңғыстау Company" өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді. Ол комиссия "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің талаптарын заң аясында шешу үшін қарастыратын болады", - делінген хабарламада.

Бұл комиссияның құрамына "БерӘли Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлерінен 10 өкіл енетіні хабарланды. Құқық қорғау органдары ұстаған кәсіпорынның қалған бұрынғы қызметкерлері босатылып, Астана уақытымен 08:57-де пойызбен Жаңаөзенге жөнелтілген.