Жұмыссыздық үшін 95 млрд теңге төленді: кімдер және қалай алады?

Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем қарастырылған.

2025 жылғы 1 қазанға дейінгі мәліметке сәйкес, 285,2 мың адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа байланысты төлем алып отыр. Оның ішінде биыл алғаш рет 240,5 мың адамға бұл төлем тағайындалған. Жалпы төленген сома - 95 миллиард теңге.

Әлеуметтік төлемді алу үшін адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқаны маңызды. Сондай-ақ соңғы 2 жылда тұрақты табысы болған азаматтар 1 айдан 6 айға дейін осы төлемге қол жеткізе алады. Бұл төлем мөлшері бұрынғы жалақының 45%-ына дейін жетуі мүмкін.

Жұмыссыз ретінде тіркелу процесі онлайн түрде жүргізіледі. Ол үшін алдымен eGov.kz порталына кіріп, "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінен "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау қажет. Онлайн өтініш толтырып, электронды қолтаңбамен (ЭЦҚ) растау керек. Бір күн ішінде тұрғылықты жердегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа "жұмыссыз" мәртебесі беріледі. Қажет болса, орталық мамандары қосымша мәліметтер сұратуы мүмкін.

Бұл қызметті электрон еңбек биржасы - enbek.kz сайты арқылы да рәсімдеуге болады.