"Яндекс-таксиге" бәсекелес қосымша пайда бола ма?

Үкімет сағатында ел аумағын байланыспен қамту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің баяндамасын тыңдаған соң депутаттар тақырыпқа қатысты сауалдарын қойды. Елнұр Бейсенбаевтың сұрағы онлайн-сервистерде қызмет ететін азаматтарға қатысты болды. Ол «Яндекс-Такси» қызметкерлеріне арнайы салық режимін енгізуді емес, 200 мың жұмыссыз азаматты қайда жұмысқа орналастыру туралы ойлану керектігін айтты.

– «Яндекс-Такси» қосымшасы арқылы 200 мыңға жуық азамат жұмыс істейді деген, бұл нақты ақпарат емес. Осы платформада қанша қазақстандық жұмыс істейді? Сіз «Яндекс-таксиге» бәсекелес болатын ұқсас қосымшаны жасауды жоспарлап отырсыз ба? Мысалы, «Каспий-такси» немесе «Aвиата-такси», – деді депутат.