Водников ықшамауданында жаңа мектеп пен балабақша бой көтермек

Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи Көкарна және Водников шағынаудандарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кездесу барысында елдімекен тұрғындары қордаланған мәселелерді қозғады. Атап айтсақ, азаматтар мектеп және балабақша, интернет желісі, қоғамдық көлік, ойын алаңы, аялдамалар орнату, жаяу жүргіншілер жолы төңірегінде өз өтініштерін жеткізді.

Тұрғындар көтерген мәселелер жұмыс жоспарына алынды деген қала басшысы елдімекендегі өзекті тақырып мектеп және ойын алаңына қатысты арнайы тоқталды.

- Көкарнадағы мектепке Водниковтен келіп балалар оқып жатыр. Осы ретте, биыл Водниковке жайлы мектеп жобасы аясында 1200 орындық орта мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы басталады құрылысы. Балабақшаның да жобасы бар. Сонымен қатар, Көкарна мен Водниковке спорт және балалар ойын алаңын салу жөнінде жоспарымыз бар. Жаяу жүргіншілер жолын жетіспей жатырғанын, балалар автокөлік жолдарымен келетінін білеміз. Осы орайда, оны да жұмыс жоспарына алып, жобасын бастап жатырмыз, - деді қала әкімі.

Сонымен қатар, қоғамдық көлік мәселесі де өзекті екенін айтқан қала әкімі шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылғандығын жеткізді.

- Қоғамдық көлік мәселесін тікелей бақылауда ұстап отырмыз. Өткен жолы 51 маршрут Тасқаладан көп адаммен шығады, оны бөліп шығару қажет дегеннен кейін шешім қабылдаған болатынбыз. Осы ретте, қазіргі уақытта таңертеңгі уақытта екі автобус бөлек осы Көкарнадан шығып жүр, - деді әкім.

Қала әкімі азаматтардың көтерген проблемаларына қатысты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, сұрақтар заң шеңберінде кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Айта кетейік, жиынға мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, жауапты мемлекеттік органдар және коммуналдық мекеме өкілдері қатысты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ