Тұрғындарды ажалдан арашалаған полицейлер марапатталды

Атыраулық полицейлер “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінде арамызда ерең еңбектің үлгісін көрсетіп, қызметтік міндетін адал атқарып жүрген тәртіп сақшыларының аз емес екені сөзсіз. Солардың бірі Атырау облысы ПД Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес жөніндегі полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы полиция капитаны Жеткіншек Имангалиев және полиция аға сержанты Айбат Джаубаеты ерекше атап өтуге болады.

 2023 жылғы 5 қаңтар күні сағат 09:20 шамасында Атырау қаласы Балықшы ауданында Жайық өзенінің үстінде белгісіз 2 ер азамат балық аулап отырған сәтте мұз ойылып, суға түсіп кеткен. Бұл жайтты байқаған тұрғындар дереу полиция қызметкерлерін көмекке шақырған. Оқиға орнына бірінші болып Атырау облысы Полиция департаменті Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес жөніндегі полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі табиғатты қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Жеткиншек Имангалиев пен осы топтың полицейі полиция аға сержанты Айбат Джаубаев жетеді. Олар бір азаматтың суда қалқып тұрғанын байқайды, алайда ойылған мұздың маңайына жақындау мүмкіншілігі болмайды. Сол күнгі ауа-райының күрт жылынуы салдарынан мұз қалыңдығы жұқарып, еруіне байланысты мұздың ойылып, суға кету қаупі жоғары болды. Сол себепті полиция капитаны Ж.Имангалиев пен полиция аға сержанты А.Джаубаев мұздың қалыңдау жерлерімен ақырын жақындай түсіп, шамамен 8-10 метр арақашықтан су бетінде қалқып тұрған азаматқа арқан жібін лақтырып, тартып шығарып алуға оқталады, бірақ арқан жібін тартқан сайын мұз ойылып, құтқару әрекеттері сәтсіз болады. Дегенмен, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері арнайы техникалық жабдықтармен оқиға орнына жеткенше азаматты арқан жіп арқылы су бетінде ұстап тұрады. Содан соң, полиция капитаны Ж.Имангалиев және полиция аға сержанты А.Джаубаев, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, арнайы жылжымалы құтқару қайығымен аталған азаматты шығарып алып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел-жәрдем қызметкерлеріне тапсырады.

Сын сағатта адам өміріне араша түсіп, алғашқы көмек көрсеткен тәртіп сақшылары ҚР ІІМ-нің бұйрығымен Азаматтарды құтқару кезінде көрсеткен кәсібилігі мен батылдығы, қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін полиция капитаны Жеткіншек Имангалиев пен Айбат Джаубаев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.