Қазақстанда цифрлық құжаттарды пайдалану тәртібін жаңартатын жаңа жоба әзірленді. Құжат қабылданса, азаматтар мобильді қосымшадағы құжаттарын бұрынғыдан да еркін пайдалана алады. Бұл туралы ашық талқылауға шығарылған нормативтік-құқықтық акті жобасында айтылған, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Цифрлық құжаттар сервисінде электронды құжаттарды көрсету және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасын дайындады.
Қазірдің өзінде қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасында жеке куәлік, жүргізуші куәлігі сияқты құжаттарды көрсете алады. Алайда кейбір мекемелерде цифрлық нұсқаны қабылдау мәселесінде түсініспеушіліктер кездеседі. Кей жағдайда азаматтардан қағаз құжаттың өзін немесе көшірмесін сұрайтын жағдайлар да болады.
Жаңа жоба осы мәселені нақты реттеуді көздейді. Яғни цифрлық құжаттарды қалай көрсетуге және қалай тексеруге болатыны нақты белгіленеді. Ең бастысы — мобильді қосымшадағы цифрлық құжаттар қағаз құжаттармен тең дәрежеде қолданылатын болады.
Құжаттың шынайылығын тексеру үшін QR-код немесе арнайы қысқа код қолданылады. Азамат цифрлық құжатын көрсеткен кезде қызметкер оны осы код арқылы бірден тексере алады. Сонымен қатар цифрлық құжаттар мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция арқылы қалыптасып, электронды цифрлық қолтаңбамен қорғалады.
Мәселен, банкке немесе қонақүйге барғанда бұрын кейбір жағдайда жеке куәліктің қағаз нұсқасын сұрауы мүмкін еді. Ал жаңа тәртіп енгізілсе, телефондағы цифрлық құжатты көрсетіп, QR-код арқылы тексерту жеткілікті болады.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер қағаз құжат тасу қажеттілігін азайтып, мемлекеттік және жеке қызметтерді алуды жеңілдетеді. Сонымен қатар құжаттарды тексеру үдерісі де жылдам әрі ыңғайлы болмақ.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ