Теңіз ауылында тегеурінді істер атқарылуда...

Елдің еңсесін көтерер ер де, әлеуетін асырар әкім де, дертіне дауа болар дәрігер де, бәрі де алақандай ғана ауылдан шығып жатады. Бұл да тегін емес. себебі, туған жердің топырағы қасиетті, тасы киелі. осындай алтын бесіктің бірі – Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылдық округі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Біз округ әкімі Қайсар Махсутовтан ауылдың қазіргі ахуалын сұрадық...

- Алдымен өзіңізді сайтымыздың оқырмандарына таныстырып өтсеңіз.

- Мен 1992 жылы 30 қазанда Құрманғазы ауданында дүниеге келдім. 2014 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «экономика және бизнес» бакалавры және 2016 жылы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құқық бакалавры дәрежелері бойынша бітірдім.

Еңбек жолын 2011 жылы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекші маманы болып бастадым. 2015-2017 жылдары аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы, 2017-2018 жылдары аудандық экономика және қаржы бөлімінің экономика және коммуналдық сектор меңгерушісі, 2018-2020 жылдары аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы, 2020-2021 жылдары аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет еттім.

Ал, 2021 жылдың 28 шілдесінен бері Теңіз ауылдық округінің әкімі болып ел игілігі жолында еңбек етіп келе жатқан жайым бар. Сондай-ақ, «Adal» партиясының мүшесі болып табыламын.

- Қайсар Еркінұлы, сіздің округте қанша ауыл бар?

- Барлығы төрт ауыл бар. Онда 1880 адам тұрып жатыр. Жекелей тоқталып өтсем, Шайхы ауылында 11 үй (55 адам), Құмарғали ауылында 20 үй (106 адам), Даулет ауылында 28 үй (144 адам), Теңіз ауылында 293 үй (1575 адам) есепте тұр. Округ орталығы – Теңіз ауылы.

- Ауылда қай сала ілгері дамыған? 

- Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған деуге болады. Барлығы 21 жеке шаруашылық тіркелген. Халықтың басым бөлігі негізінен мал шаруашылығымен айналысады.

- Ал, жастар жағы жұмыспен қаншалықты қамтылған? 

- Округ бойынша ресми жұмыссыздар есебінде 67 адам тіркелген. Оның 23-і жастар. Солардың төртеуі алғаш рет қолға күрек ұстады. Ал, жетеуі вахталық әдіспен жұмыс жасауда. Тағы екеуі ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған. Жетеуі «Жастар практикасы» бағдарламасына іліккен. Жалпы, округ бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды құрап отыр.

- Ауылда қандайма бір өндіріс орны бар ма?

- «Каспии Интер ФИШ» жауапкершілігі шектеуіл серіктестігі бар. Онда арнайы цех, тез салқындататын камера мен балық сақтайтын тоңазытқыштар іске қосылған. Соларды биылдан бастап келісімшарт негізінде «Каспий балық» өндірістік кооперативіне жалға беріп, тұрғындарды маусымды жұмыстқа тартуда. Айтып отырған цехта 150 тонна балық тоңазытқышта сақталып тұр. Он адам тұрақты және жиырмасы маусымды жұмыспен қамтылып отыр.

- Кәсіппен айналысушылардың аяқ алысы қалай?  Оларға қандай көмек көрсетілуде?

- Округ бойынша барлығы тоғыз кәсіпкер тіркелген. Олардың екеуі 2,5 пайызбен  16,2 млн тенгеге несие алды. Сөйтіп, шағын кәсіптен мол нәсіп тауып жүр. Сондықтан ауылдан бизнес ашқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан барлық жағдай қарастырылған деп толық айта аламын. Ал, «мүмкіндік жоқ» деген – орынсыз айтылған сылтау ғана.

Өзіңіз ойлаңызшы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Міне, осының бәрі де халыққа жасалып жатқан зор қолдау емес пе?! Мұны Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да жыл сайынға халыққа Жолдауларында айтудан кенде емес.

- Ауылда дәрігер тапшылығы жоқ па?

- Бүгінде Приморье ауылдық дәрігерлік амбулаториясында бес мейірбике, бір лаборант және бір техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Жасыратыны жоқ, дәрігер жетіспейді. Осы олқылықтың орнын тез арада толтыру қажет.

- Ал, қоғамдық тәртіп сақтауда қандай да бір қиыншылықтар  бар ма ?

- Жалпы, округ бойынша өткен жылы қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша екі қылмыстық іс тіркелген болатын. Оның біреуі ашылды. Бұл – Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі, яғни, «Пәтер ішіндегі ұрлық». Ал, келес іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – ылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі, яғни, «Интернет алаяқтық». Бұл соңғы уақытта ұрлық пен алаяқтық деректерінің басқа қылмыстарға қарағанда жиірек орын алып жүргенін көрсетіп отыр. Демек, бұл тиісті бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейтуге тура келеді деген сөз.

- Мәдениет пен спорт  саласына да тоқталсаңыз.

- Сонау 1957 жылы алғашқы кірпіші қаланған Приморье ауылдық клубының ғимараты әбден тоз-тозы шыққан. Тіпті, 2013 жылы күрделі жөндеуге жарамсыз, апаттық жағдайда деп танылған. Сондықтан жаңа ғимарат салу қажет. Осы мақсатта арнайы жер телімі бөлініп, бюджеттік өтінім жолданды.

- Білім беру  ұялары жеткілікті ме?

- Округ бойынша білім беру бағытында 2018 жылы типтік жобада 300 орындық білім ұясы бой көтерген болатын. Бұл – Атырау облысы білім беру басқармасының Құрманғазы аудандық білім бөлімінің «Юрий Гагарин атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мұнда қазір 358 оқушы білім нәрімен сусындап жатыр. Білім сапасы 56,8 пайызды құрайды.

Сондай-ақ, округте қырық орындық «Айсамал» бөбекжай балабақшасы орналасқан. Мұнда «Жұлдызай» және «Бүлдірген» шағын топтары бар. Балақайлар тек қазақ тілінде ғана тәрбие мен білім алады.

- Соңғы сауал, ауылда жолдың жайы қалай?

- Округ бойынша 13,9 шақырым жол бар. Оның ішінде, Теңіз ауылында 8,2 км тасжол төселген. Ал, Шайхы ауылында 2,7 км, Құмарғали ауылында 1,1 км, Даулет ауылында  1,9  км  қара жол салынған. Сол сияқты, 2,6 км асфальтталған жаяу жүргіншілер жолы бар. Жергілікті халық осы жолдармен қатынайды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады» деген болатын. Ендеше, жол салу жұмыстары біздің округте де жалғасын табатын болады.

«...Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында. Ендеше, жақын болашақта дарында жастар мен білікті мамандар ауылға қарай ағылады деген сенім бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Амандық АБДОЛ