"Шырша сатып алмаймыз, оны өзіміз өсіреміз"

«AtyrauPress» сайты Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңірге және елге белгілі азаматтармен жүргізген сауалнаманы жалғастырады.

Ендеше, кезекті кейіпкеріміз – елге белгілі адовокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ.

1.Жаңа жылды қайда және қалай қарсы аласыз?

– Осы жаңа жылды жанұямызбен бірге ерекшелеу етіп қарсы алсақ деген жоспар бар. Балаларым әр қалада болғандықтан, бәріміз Астанада бас қосып, сол жерден Мысырға барғымыз келеді. Жылы жақта жаңа жылды қарсы алған қандай болатынын көргіміз келеді.

2.Үй ішін қалай безендіресіз? Шырша аласыз ба?

– Үй ішін балаларымның кішілері өз қиялдарымен безендіріп қояды. Бұл кішігірім жанұялық дәстүрге айналып кеткен десем де болады. Қалай болғанда да, жастар ғой, көніл-күй көтерінкі болатындай қылып жасайды. Бірақ, үйге шырша сатып алмаймыз. Себебі, аулада шырша өсіреміз. Солардың біріне ойыншықтар ілсек, екіншісіне жарық шамдарын орнатамыз. Сол кезде аула іші жарқырап шыға келеді.

3.Жаңа жыл қазақ халқына тән мереке емес деп жатады. Ал, сіз қалай ойлайсыз?

– Олай ойлайтындарға өз айтарым бар. Біріншіден, күнтізбе бойынша жыл аяқталып, жаңа жыл келетіні – факт. Бұны жоққа шығара алмаймыз. Екіншіден, бұл мемлекеттік мейрамдар тізіміне кіреді. Мұны да елемеуге тағы болмайды. Үшіншіден, Аяз ата мен Ақшақар балалар үшін қызық қой. Ертегі кейіпкерлері зор әсерге бөлеп, мол қуаныш сыйлайды. Анау айтқандай, оларға ешкім табынып жатқан жоқ. Сондықтан бұған оптимистік көзқараспен қараған жөн деп ойлаймын.