Серік Шәпкенов Махамбет тұрғынына алғыс айтты

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Махамбетке жұмыс сапары аясында аудан тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ өскелең ұрпақ тәрбиесі және экология мәдениетін қалыптастыру жайында сөз қозғады.

Аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Таза Қазақстан” бастамасы өңір тұрғындарының кең қолдауына ие боп, оның нақты істерден көрініс тауып жатқанын атап өтті. Әкім соған дәлел ретінде аудан тұрғыны, жеті баланың әкесі Қайрат Доспайұлының әрекетін мысалға келтірді. Ол отбасымен бірге облыстық мешіт аумағын тазалаған.

– Бұл — нағыз тәрбиенің үлгісі. Әкенің өзі бас болып, бала-шағасын тазалық пен тәртіпке іспен баулуы — басқаларға сабақ. Экология мәдениеті, туған өлкеге деген жанашыр көзқарас осылай қалыптасады, – деді С. Шәпкенов.

Облыс әкімі төңірекке жанашырлық танытқан Қайрат Доспайұлы мен оның отбасының оң бастамасы мен

белсенді азаматтық ұстанымына алғыс айтып, мұның өңір жастарына үлгі екенін атап өтті.