Қаңтарда азаптау тәсілдерін қолданған қызметкерлер шеніне қарамастан тиісті жазасын алады.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өкінішке қарай, хаос кезінде күштік органдардың бірқатар қызметкері ұсталғандарға қатыгездік танытты. Бұл жағдайды еш нәрсемен ақтауға болмайды. Президент тапсырғандай, азаптау қолданған қызметкерлер шеніне қарамастан, тиісті жазасын алады», - деді Б.Асылов.
Оның айтуынша, азаптаулар туралы шағымдар бойынша барлығы 329 қылмыстық іс қозғалды.
«Олардың басым бөлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қарауында болды. Арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 34 қызметкеріне қатысты істі тергеді. Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау фактілері туралы істер сотқа жолданды. Сондай-ақ Алматы қаласының Уақытша ұстау изоляторында және Бостандық ауданының полиция бөлімінде 3 адамды азаптау фактісі бойынша істер де сотқа жолданды», - деді Бас прокурор.
Оның айтуынша, азаптау салдарынан Талдықорғанда Мұқашевтың, Алматыда Өтепбаевтың, Семейде Жотабаевтың қайтыс болу фактілері бойынша тергеу аяқталды. Материалдар бойынша таныстыру жүргеннен кейін, құжат сотқа жолданады.
Сондай-ақ, қаңтар оқиғасынан кейін рақымшылық 1 095 адамға қатысты қолданылды.
«Жалпы, «қаңтар оқиғасы» бойынша соттар 1 221 адамға қатысты істі қарады, соның арасында 1 205 адам сотталды. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы өз Жолдауында рақымшылық жасау туралы атап өтті. Осы орайда «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданды. Заң аясында арандатушылардың айтқанына көніп, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандар жазадан босатылды. Рақымшылық 1 095 адамға қолданылды», - деді Б. Асылов.
Осы орайда ол сот ауыр қылмыстар үшін сотталған 1 001 адамның жаза мерзімін қысқартқанын айтты.
«Қазір 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Тергеу нәтижесін міндетті түрде қоғамның назарына жеткізетін боламыз», - деді Б. Асылов.
«Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Одан бөлек, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар», - деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Бас прокурордың айтуынша, 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған. Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгі адамдар.
«Бұдан бөлек, шетелдік азаматтар жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа қылмыстар бойынша күдікті болып танылды. Оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары бар», - деді Берік Асылов.
«Бүгінде біздің істер бойынша 573 адам сотталды. Оның ішінде теракт жасау фактісі бойынша 2 іс бар. Қызылордада Құдайбергенов әскери қызметкердің автокөлігін тартып алып, әскерилер тобына шабуыл жасаған. Соның салдарынан Қайсаров қаза болды. Ал Таразда Бекболов есімді тұрғын әкімдіктің ғимаратына шабуыл жасауға қатысып, полиция қызметкерлері мен әскерилердің бастарынан оқ атуға шақырған», - деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталды.Олардың 13-іне қатысты іс сотта қаралуда.
«Тәртіпсіздікке қатысқан көп адамды тоқтатуға құқық қорғау күштерінің мүмкіндігі болмады. Оның үстіне, қызметкерлердің басым бөлігінде қару болған жоқ. Олар соңына дейін тек арнайы құралдарды – су атқыштар, резиналық таяқшаларды қолданды. Бірақ сол уақытта жүздеген тәртіп сақшылары жараланған еді, оның ішінде оқтан жарақат алғандар да болды. Ал бір офицер қалалық әкімдікте болған өртте тірідей жанып кетті», - деді Бас прокурор.