Бүгін Парламент Мәжілісінде қаңтар оқиғасына қатысты Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Қорғаныс министрлігі арнайы көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, былтыр қаңтарда полиция департаменттерінен, қару-жарақ дүкендерінен ұрланған қару мен оқ-дәрі және басқа да заттар көрмеге жеткізілген. Бұл қару-жарақтың барлығы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан адамдардан тәркіленген болатын.
Көрмеде полицейлердің зақымдалған каскалары мен басқа да жабдықтары көпшілік назарына ұсынылған.
Сонымен қатар былтыр қаңтар оқиғасы барысында ел аумағында тоналған нысандар, қираған ғимараттар, өртенген көліктер және басқа да нысандар бойынша арнайы фотосурет көрмесі де ұйымдастырылды.
«Қазіргі кезде ішкі істер органдарының қызметкерлері 4 мыңнан астам қаруды тапты. Олардың басым бөлігі жедел іздестіру іс-шаралары кезінде анықталды. Қару жасырылған 200-ден астам нысан табылды. Таразда және Талдықорғанда ұрланған қарудың негізгі бөлігі тәркіленді. Сонымен қатар, азаматтық қарудың да көбісі анықталды. Алайда, 1900-ге жуық қызметтік әрі азаматтық қару әлі де табылмай отыр», - деді ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістегі жалпы отырыста «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының қаңтар оқиғасына қатысты сауалына ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың ауызша жауабы тыңдалады.