Алматы облыстық полиция департаментінің экс-басшысы жұмыс орнын тастап кеткен.
Қаңтар оқиғасы кезінде бірқатар өңірде ҰҚК мен Полиция департаменттерінің басшылары қарамағындағыларға жұмыс орнын тастап кету жөнінде бұйрық берген. Бұл туралы Бас прокуратураның «Қаңтар оқиғасы: Дерек пен дәйек» деректі фильмінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бас прокуратура ұсынған фильмде Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың жұмыс орнын тастап кетіп бара жатқан видеосы жарияланған.
«Мына кадрлардан Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, сол кезде комендант болған Күдебаевтың мекеме ғимаратын тастап кеткенін көруге болады», - деп баяндалған фильмде.
Бас прокуратура дерегінше, 5 қаңтарда бүлікшілер Алматыдағы Әуезов пен Алмалы аудандарының полиция басқармаларын және қалалық полиция департаментін басып алмақ болған. Алматы қалалық полиция департаментіне 27 рет шабуыл ұйымдастырылған. Дегенмен, тәртіп сақшылары түнгі сағат 12-ден таңғы 5-ке дейін бүлікшілерге тойтарыс беріп, қорғанысты ұстап тұрған.
Сонымен қатар, қаңтар оқиғасының хронологиясы баяндалған деректі фильмде өзге өңірлердегі қарулы шабуылдар да қамтылған. Атап айтқанда, дәл осы күні қылмыскерлер Қызылордадағы жергілікті полиция қызметі мен полиция департаментінің ғимаратында ойран салмақ болған. Ал бірер сағаттан соң бүлікшілер Талдықорған, Тараз және Алматы мен Жамбыл облыстарының полиция департаменттерін басып алған.