Патриоттық рухты жоғарылатудың жолы көп...

130-дан астам ұлт өкілдерінің басын біріктірген Қазақстанның ынтымақты ту еткен елдік тұтастығы да бүгінде әлемге үлгі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ал, оның жарқын болашағы ұлттық бірегейлікті нығайтумен тікелей байланысты.

  1. Ұлттар арасындағы достық пен бірлікті нығайтудың мәні неде?
  2. Патриоттық рухты жоғарылатудың қандай жолын ұсынасыз?
  3. 1 мамыр – айрықша күн, мемлекеттік мереке. Оны атап өтудің форматын өзгертіп, қайта жаңғыртқан дұрыс па?

Жаан МҰРАДОВА, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

– Бірлік пен татулықты нығайту – ел болашағына саналы, сауатты тұрғыда қараудың басты құралы. Келешек кемел болуы үшін ең бастысы әр адам бейбітшіліктің мәңгі орнауына ниеттес болып, соған сай әрекет еткені жөн. Біздің елдегі ұлттардың достығына ешқашан сызат түспесе екен деймін.

– Отанға деген патриоттық рухты арттырудың басты жолы мемлекеттік тілге құрметтен басталуы тиіс. Осы бағытта біз жуырда «Uptivity Education» тіл үйрету орталығын іске қостық. Біздің басты мақсатымыз – өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп, елдік сезімдерін ояту. Сол арқылы бірнеше шетел азаматының қазақ тіліндегі сауатын ашамыз. Жуырда Ресейден келген дәрігерлер, заңгерлер мен студенттер курсқа тіркелді. Әрбір тіркелуші 2 ай оқып, тілді базалық деңгейде меңгеріп шығады.

– Айтулы мереке форматын өзгерткен әрине, дұрыс. Өйткені, қазір қоғамға шын пайдалы дүниелерді іске асыратын уақыт жетті. Мен «Кітап оқу, қазақ тілін үйрену» акциясын ұйымдастырар едім. Қазақ тілі, оның мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы кітаптарды тегін таратқым келеді. Сондай-ақ, кітап алмастыру акциясы өте қызықты. Өзге этнос өкілдері өз ұлты, мәдениеті мен құндылықтары туралы жазылған еңбектерді бір-біріне ұсынып, оқып жатса қандай ғанибет!

Пікірді жазып алған Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА