Қызылқоғада отбасылық саясатқа үлес қосқан аналардың еңбегі еленді

Қоғамның өзегі – отбасы. Ал отбасының алтын діңгегі – тәрбие. Осы ұғымды тереңінен талдап, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін насихаттауға арналған облыстық тағылымды конференция Миялы ауылында өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аудан әкімі Қанат Әзмұханов төрағалық еткен іс-шараға аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Өтеуғали Дүйсәлі, «Шапағат» орталығының теологы Сұлтангелді Сариев, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Толқын Бейсқали, жоғары санатты мұғалім Айгүл Құбашева, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзагүл Жалмурзина қатысып, отбасы құндылығы туралы түрлі тақырыпта баяндама жасады.

Мерекелік іс-шараның ресми ашылуында Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов сөз сөйлеп, тәрбиенің қоғам дамуындағы орнына тоқталды.

- Бүгінгі баланың мінезі – ертеңгі елдің болмысы. Сондықтан тәрбие мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Өнегелі ұрпақ – тек мектептің емес, ең алдымен отбасының жемісі. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі айрықша. Тәрбиенің алтын қазығы – ата-ананың балаға деген мейірімі мен жауапкершілігінде. Біз осындай игі басқосулар арқылы тәрбиеге қоғам болып үн қосып, ұрпақ болашағына бірге жауап беруіміз керек, - деді Қ.Әзмұханов.

Сондай-ақ конференция аясында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Жергілікті өндірушілер өз өнімдерін ұсынса, қолөнершілер ұлттық нақыштағы туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Конференция соңында отбасылық және гендерлік саясатты дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар ана Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың Алғыс хатымен марапатталды.