Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс тоқтамауға тиіс. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін де түбегейлі өзгерту қажет. Оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды. Сондай-ақ, тапсырмалардың орындалуын бақылау мен бағалау жұмысы да қайта қаралатын болады. Себебі, қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары болып отыр. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады. Міне, бұл – Мемлекет басшысының өзі алға қойып отырған маңызды міндеттер. Осы орайда, біз осы тақырыпта жуырда Орлы ауылдық округінің әкімі Жандос Бектеміровпен әңгіме-дүкен құрған едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Жандос Мнафихұлы, алдымен оқырмандарымызға өзіңіз туралы қысқа мағлұмат бере кетсеңіз.
– Мен 1969 жылы 15 желтоқсанда сол кездегі Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Калинин селосында дүниеге келдім. 1976-1986 жылдар аралығында Ганюшкин селосындағы Ломоносов атындағы орта мектепте білім нәрімен сусындадым. 1986 жылы Теңіз кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түсіп, 1987 жылы тракторист-машинист мамандығын алдым. Ал, 1987-1989 жылдары совет армиясының қатарында әскери борышымды өтедім. 1990-1992 жылдары Целиноград қаржы-экономикалық техникумында білім алдым.
– Еңбек жолыңыз туған жеріңізде басталды ма?
– Иә, 1990 жылдың ақпанында Теңіз аудандық қаржы бөліміне ревизор-инспектор лауазымына тағайындалдым. Одан кейін 1992-2013 жылдар аралығында Құрманғазы ауданы бойынша салық комитетінің аудит және салық жинау бөлімінің инспекторы, аудит бөлімінің бас салық инспекторы, салықты әкімшіліктендірудің технологиялық ақпарат секторының бастығы, аудандық экономика бөлімінің меңгерушісі, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы және аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқардым.
– Окургте қанша елдімекен бар?
– Жaлпы, округ Орлы, Алтыншы ауыл, Каспий ауылы болып үш елді-мекенге бөлінеді. Барлығы мұнда 2571 адам тұрады.
– Бүгінде біз «мемлекеттік қызмет» ұғымын дұрыс түсініп жүрміз бе?
– Халыққа қызмет – жеке мемлекеттік функцияларды іске асырудың бір түрі. Ал, мемлекеттік кқызметші қызмет алушының өтініші бойынша жекеше түрде оның құқығы мен бостандығына және қаржылы-қаржылы емес заңдылықтарға сәйкес қызмет көрсетеді. Мемлекетіміз алға қойған негізгі міндеттердің бірі – жоғары сапалы қызметке барлық халықтың бірдей кедергісіз қол жеткізуі. Бұл Ата Заңмен бекітілген. Мұндай қызмет – көрсетілетін қызметті берушілер арқылы, мемлекеттік корпорациямен, «электронды үкіметтің» веб-порталы мен жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы көрсетіледі.
– Округте мемлекеттік қызметтің неше түрі көрсетіледі?
– Ресми тілмен айтар болсам, «Орлы ауылдық округ әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі бойынша оның алты түрі жүзеге асырылады.
– Олар қандай?
– Алғашқысы – «Кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру» қызметі. Бұл «электрондық үкіметтің» веб-порталы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы іске асырылады.
Бірінші кезеңде сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау, жер учаскесін таңдау актісін дайындау, сәулет-жоспарлау тапсырмасын, инженерлік желілерге қосылуға техникалық шарттарды және топографияны жасау (28 жұмыс күні ішінде) жұмыстары атқарылады.
Екінші кезеңде жер учаскесін таңдау актісін келісу және көрсетілетін қызметті алушы жер-кадастрлық жұмыстардың қызметтері үшін ақы төлеу кезінде жер-кадастрлық жоспарды қоса бере отырып, жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беру туралы шешім шығару, уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу – 18 жұмыс күні ішінде аяқталуы тиіс.
Келесі қызмет – «жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру». Бұл да «Электрондық үкімет» пен «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы 13 жұмыс күнінде бітетін шаруа.
Үшінші қызмет түрі, бұл – «жер учаскесін алу үшін кезекке қою». Ол да жоғарыда айтылған тәсілмен 20 минут ішінде жасалатын дүние.
Бұдан кейінгі қызмет – «Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату». Бұл «Электрондық үкімет» және көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы бес күн ішінде жүзеге асады.
Бесінші қызмет «Жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту» деп аталады. Ол да «Электрондық үкімет» пен қызмет көрсетушінің кеңсесі арқылы
10 күннен кешікпей көрсетіледі.
Соңғы қызмет – «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу». Бұл қызмет электрондық (ішінара автоматтандырылған) немесе қағаз форматта атқарылады.
Бірінші кезең: сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау, жер учаскесін алдын ала таңдау (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесін сұраған кезде), жер комиссиясының қорытындысын дайындау.
Екінші кезең: жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдау және сатып алу-сату шартын немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу – бекітілген жерге орналастыру жобасы келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде.
– Былтыр қанша қызмет көрсетілді?
– Округ бойынша өткен жылдың қорытындысымен жеке және заңды тұлғалардан барлығы 37 өтініш түсті. Олар «е-өтініш» жүйесіне тіркеліп, мерзімінде жауаптары берілді. Сондай-ақ, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру және кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру бойынша үш мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ал, «Өз-өзіне қызмет бұрышы» арқылы «Электрондық үкімет» веб-порталында барлығы 930 қызмет атқарылды.
Бір айрықша атап өтер жайт, өтініштің басым көпшілігі – жер мәселесіне байланысты.
– Мерзімінен кешігіп көрсетілген қызметтер болды ма?
– Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес, мерзімі кешіктіріліп қаралған өтініш болған жоқ. Ғимараттың көрнекі жерінде тиісті стандарттар, регламенттері және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы стенділер ілінген. Мемлекеттік органдарда халықты цифрлық сауаттылыққа үйрету мақсатында округ ғимаратында арнайы маман бекітілген. Қызмет алушыларға «Электрондық үкімет» веб-порталы, Е-лицензия, Е-өтініш секілді платформаларда аудан орталығына бармай-ақ «Өз-өзіне қызмет» көрсету үшін арнайы бұрыш жасақталған. Онда қызметтің бірнеше түрін алуға болады.
Биыл да белсенді түрде – кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту, жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату және тағы басқа қызмет түрлері көрсетілуде.
– Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото автордікі