Нұрсая ықшамауданында 250 орындық үш қабатты емхана бой көтермек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Үш қабатты жаңа емхана Нұрсая ықшам ауданында салынады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаты дайын. Аталған жоба Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру барысында жүзеге асып отыр. Нысанда келушілерге арналған жалпы бөлме, дәрігерлік практика бөлімшесі, күндізгі стационар, оңалту, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі бар.
Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшесі, зертхана, биохимиялық топ, функционалды, сәулелік диагностика, орталық зарарсыздандыру бөлмелері қаралған. Оған қоса әкімшілік-тұрмыстық, қызметтік және шаруашылық бөлімдер болып функционалдық топтарға бөлінген.
Айта кетейік, медициналық нысанның жалпы ауданы 4709,77 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарының жобалаушы мекемесі «Астана-Проджект» ЖШС.