Мүгедектерге арналған "Бірінші байланыс" кітабы жарық көрді

"Біз де адамбыз" қоғамдық қоры мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту бойынша қазақ тілінде жарияланған "Бірінші байланыс" атты оқу құралының тұсаукесерін өткізді. Кітап "Теңізшевройл" ЖШС (әрі қарай - ТШО) қаржылық қолдауымен және Беларусь Республикасының "Арбамен жүретін мүгедектердің республикалық қауымдастығы" ҚБ (бұдан әрі-РАИК) ақпараттық қолдауымен жүзеге асырылатын "Мүгедек адамдарды тиімді оңалту" жобасы шеңберінде шығарылды.

Оқу құралы жұлын жарақатын алған адамдарға және нұсқаушы-реабилитологтарға арналған. Ол беларуссиялық мамандардың материалдары негізінде жасалған, олар өз кезегінде көптеген жылдар бойы мүгедектерді бейімдеудің швед моделіне негізделген оңалту жұмыстарын жүргізіп келеді.

Кітаптың басты ерекшеліктерінің бірі – ол екі тілде жарық көрді. Бүгінгі таңда қазақ тілінде мүгедектер арбасына таңылған жандарға өздігінен, белсенді және қосымша жарақат (ауру) алмай социумда қалай өмір сүру керектігін түсінікті тілде түсіндіре алатын материалдар жоқ деуге болады. Осы мәселені назарға ала отырып және резиденттердің қажеттіліктерін ескере отырып, Қор қазақ және орыс тілдерінде оқу құралын әзірлеу туралы шешім қабылдады.

- Өкінішке орай, жарақат алғаннан кейін адам көбінесе өз проблемасымен жалғыз қалады. Өткен жылы "Мүгедек адамдарды тиімді оңалту" жобасын іске асыру кезінде біз қажетті ақпараттың болмауы және білімнің жетіспеушілігі толыққанды өмір сүруге кедергі келтіргені туралы бірнеше пікірлер естідік. Өзіміз де  жоба қатысушыларының өмірі жақсы жаққа өзгергеніне куә болдық. Қатысушылардың көбі жылдар бойы киім ауыстыру, бір орыннан екінші орынға ауысу секілді қарапайым әрекетті үлкен күш жұмсап, жасаса, қазір олар өздігінен еркін жасай алады. Біз осы оңалту әдістері туралы мүмкіндігінше көп адамдар білсе екен деп ойладық. Сондықтан Беларусьтан келген мамандардың барлық материалдарын бір оқулыққа біріктіріп, қазақ тіліне аудару туралы шешім қабылдадық. Жұмысқа кәсіби филологтар, аудармашылар және реабилитолог дәрігерлер жұмылдырылды, - деп атап өтті Қор басшысы Гүлназ Қосмұрзиева.

Оқу құралы жарақат алғаннан кейін адам өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Кітап бес негізгі бөліктен тұрады – алдыңғы төрт бөлімінде жарақат физиологиясы, жарақат бүкіл ағзаның жұмысына және жеке органдардың жұмысына қалай әсер ететіні туралы егжей-тегжейлі жазылған. Бесінші бөлім мүгедектігі бар жанға арбада қозғалуына көмектесетін ілесуші адамға арналған ұсыныстар мен кеңестерді, қозғалыс техникасын, тыныс алу гимнастикасын және басқа да физикалық белсенділіктің ең жақсы әдістерін қамтиды.

Іс-шараға қатысқан ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев кітапқа оң бағасын берді: "Біз де адамбыз" қоғамдық қорымен 2021 жылдан бастап әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жұмыс істейміз. Әрине, мүгедектігі жоқ адамдар ретінде біз мүгедектер арбасына таңылған жандардың қажеттіліктері мен ұмтылыстарын толық түсінбейміз. Біз үшін өте қарапайым нәрсе – тісімізді тазалау немесе өз бетіңізше киіну секілді әрекеттер – бұл адамдар үшін кейде ұзақ және ауыр жұмыс. Сондықтан мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелеріне оңалту және өзіне-өзі көмек көрсету негіздерін үйренуге мүмкіндік беретін осы оқу құралын басып шығару – уақтылы және маңызды әрекет. ҮЕҰ дамып, алған білімі мен тәжірибесімен өзгелермен бөлісетіні қуантады".

2021 жылы Қор Атырау қаласында ғана емес, облыстың барлық аудандарында белсенді оңалту бойынша шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен бірқатар меморандумдарға қол қойды. Осы бағытта қазіргі кезде жұмыстар жүргізіліп жатыр және Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр

- Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жанында Атырау облыстық оңалту орталығы жұмыс істейді. Осы орталықта "Біз де адамбыз" қорымен бірлесіп, алған жарақатынан кейін бейімделуді енді ғана бастаған адамдар үшін мастер-класстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің ынтымақтастығымыз мүмкіндігінше көп адамға пайдалы болады деп үміттенеміз, - деп атап өтті Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов өз сөзінде.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жәрдемақы оңалту мекемелеріне, сондай-ақ Қордың барлық резиденттеріне берілетінін атап өтті.