«Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсына құжат қабылдау басталды

«Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсының алғашқы кезеңі – аудандық және қалалық турына қатысу үшін құжаттарды қабылдау басталды,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Конкурс ҚР Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы №250 өкіміне сәйкес жыл сайын өткізіліп келеді. Басты мақсат – отбасылық құндылықтарды насихаттау, балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың рөлін арттыру және қазақстандық отбасының жағымды бейнесін қалыптастыру.

Конкурс ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Қатысуға ниетті отбасылар өтінімдерін 2025 жылғы 15 мамыр мен 14 маусым аралығында аудандық және қалалық ішкі саясат бөлімдеріне тапсыра алады.

Қажетті құжаттар:

• Отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар мен туу туралы куәліктің көшірмелері;

• Некеге тұру туралы куәлік;

• Марапаттау және жетістіктерді растайтын құжаттар;

• Екі данадан кем емес ұсыным хаттар;

• Қоғамдық және еріктілік қызметтерін растайтын құжаттар (бар болған жағдайда).

Құжаттар қағаз немесе электрондық түрде, түпнұсқасымен бірге қабылданады.

Мерзімдер кестесі:

• 15 мамыр – 14 маусым: құжат қабылдау;

• 15 маусым – 1 шілде: өтінімдерді қарау және облыстық кезеңге жолдау;

• 3 шілде – 17 шілде: республикалық кезеңге іріктеу.

Конкурсқа сотталған немесе қызметі Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйымдардың құрамында болған отбасы мүшелері бар жанұялар қатыса алмайды.