Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламалары қандай нәтиже берді? Бір кездері күн тәртібінен түспеген, ал, қазір көп айтылмай қалған латын қарпіне көшу жайы нешік? Осыған дейін де сайтымызда латын қарпін пайдалануға қатысты алуан пікірлер жарық көрген болатын. «Жаңа әліпби бізге не береді?» деген сауалға ғылыми тұрғыда дәйекті дәлелдер келітіріліп, парасатты пайымдар айтылған еді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осы орайда, біз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жомарт МҰХАМБЕТОВТІ сөзге тарттық...
– Жомарт Ибатоллаұлы, алдымен латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызы жөнінде жеке пікіріңізді білсек бола ма?
– Әрине, әр азамат зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан соң, өз ойын еркін білдіре алады. Ең бастысы, айтылған ой-пікірдің сүйнер «сүйегі», яғни, дәлелі бар ма, жоқ па, міне, бар мәселе осыған тіреліп тұр ғой. Біз бұл латын әліпбиін өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. Ол өркениетті елдердің тәжірибесінде бұрыннан бар нәрсе. Ендеше, бірыңғай жүйеге неге бағынбасқа? Латынға көшу үрдісі көп елдерде әлдеқашан басталып кеткен. Біз де көштен қалмауымыз керек.
– Түсінікті. Ал, енді жаңа жүйеге көшуді неден бастаған дұрыс деп санайсыз?
– Сауалыңыз өте орынды. Бұл бұрыннан бар әліпби екенін айттым, ендеше, түбінде соған көшетініміз айдан анық. Әйтсе де, халықтың оған бірден көше қоюы екіталай. Олай болса, қоғамның көзін үйретіп, алдын ала дайындау керек. Уақыт өткізбей азаматтарды оқытып, үйрету жұмыстарын бастап кеткен дұрыс. Ал, ол үшін үйретуші мамандардың өздерін даярлау керек қой. Бұл бағытта қаншама бағдарламалар, әдістемелік құралдар мен ұйымдастыру жұмыстары жасалуы қажет, мұның бәрі бірден бола қоятын жайт емес. Демек, латынға толықтай көшу үшін қомақты қаражат пен біраз уақыт керек.
– Сонда қаражат пен уақытты күтіп отыра береміз бе?
– Олай емес, әліпби ауыстыру үрдісін бастай бергеніміз жөн. Оған кезең-кезеңімен көшкен тиімді болады. Бұл менің филолог маман ретіндегі жеке өз пікірім. Өйткені, біз латын әліпбиін тек қазіргі жағдайға қатысты ғана қолданбаймыз ғой. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұрағаттарда тот басып жатқан тозбас мұрамызды қайта жаңғыртамыз деп жатырмыз. Ол үшін кешегі құнды дүниелеріміздің бәрін жаңа әліпбиге аударуға тура келеді. Мен бұл арада тек ғылыми еңбектерді ғана айтып отырмын. Ал, оның сыртында қаншама көркем шығармалар мен газет-журналдар бар.
Міне, мұның бәрі өте ұзақ мерзімді талап етеді. Оны күтіп отыра беретін болсақ, ешқашан латынға көшпейміз. Сондықтан, аз-мұз шағын дүниелерден бастап, іске қазірден кірісе берген дұрыс болады. Газет демекші, сіз өзіңіз қазір латын қарпінде әп-сәтте мақала жазып кете алмайсыз ғой. Әуелі аты-жөніңізді жазып үйрену керек болады. Міне, латын жазуының да өз емлесі, графикасы бар, соны егжей-тегжейлі меңгеріп алмайынша, ештеңе де шықпайды.
– Сіздің ойыңызша, латынға көшу мәселесін кезең-кезеңге бөліп қарастырған дұрыс па? Мүмкін, осының бәрін қамтитын әдістемелік құралдар шығару керек шығар?
– Бұл бүгінгі күн тәртібінде тұрған өткір сұрақ, оны еліміздің Білім және ғылым министрлігіне жолдау керек. Бұған дейін де айтып кеттім, қазір мектеп оқушыларын латынға үйрететін мұғалімдерді дайындау мәселесі өзекті болып отыр. Осыны шешіп алмай, нақты бірдеңе деуге әлі ерте.
Сонда қайтпек керек? Алдымен, арнайы оқыту курстарын ашқан дұрыс. Мәселенің бәрі әріпті не сөздің қалай айтылуында емес, жаңаша жазылуында болып тұр ғой. Әйтпесе, «ауызды қу шөппен сүртіп» отыра беруге де болар еді ғой.
– Сіз өңірдегі білікті филологтардың бірісіз, әрі көп жылдан бері педагогика саласында қызмет атқарып келесіз. Қоғамда болып жатқан жаңалықтарға да бей-жай қарамайсыз. Еткен еңбегіңіз ұшан-теңіз, жинақтаған тәжірибеңіз бен ғылыми-әдістемелік еңбектеріңіз де жетерлік. Ендеше, ғалым ретінде аталған мәселеге қосар ұсыныстарыңыз бар ма?
– Иә, бұл тақырыпта көптен бері ізденіп келемін. Талай басқосуларда латынға көшу үрдісі мен алда тұрған міндеттер жайында ой-пікірімді де білдіріп жүрмін. Ғылыми басылымдарда да бірталай мақалаларым жарық көрді. Осы ретте, бір өкініштісі, «латын» деген өз алдына бөлек ғылым болса ғой деп те қоямын. Жұрт болып жаңа әліпбиге көшкелі тұрғанда, «анау қалай болады?», «мынау дұрыс болар ма?» деп әр нәрсені бір ойлап, басың ауырып кетеді екен.
Енді өз тарапымнан нақты ұсыныс айтар болсам, олар өте көп. Солардың бірі – жоғары білім бағдарламасына латын графикасын үйрететін арнайы пәнді енгізу қажеттігі. Оның Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында арнайы стандарттары дайындалуы керек. Бұл – үкімет тарапынан шешілуі тиіс, уақыт күттірмейтін, алдыңғы кезектегі өзекті проблема.
Екіншіден, латынға көшуді балабақшадан бастаған жөн. Мектепке келгенде бала латынды меңгеріп кететіндей болуы керек қой. Мектеп қабырғасында бұрын «Әліппе», бүгінде «Сауат ашу» деген пән бар. Сонда әліпби суреттер арқылы үйретіледі. Міне, латын әліпбиінде де сол тәсілді қолдану керек. Бар болғаны, бұрынғы кириллицадағы әріптердің орнына латын қаріптерін қойып шығу қажет.
– Бұл айтып отырғаныңыз тек жастарға қатысты әңгіме. Ал, егде жастағы, яғни, қырық-елуді алқымдаған жандар латын қарпін қалай үйренбек?
– Қазір бұрынғыдай емес, технологияның дамыған заманында халық сауатты ғой, жаңа қаріпке де үйреніп кетуі қиын емес. Баяғы кезде де халқымыз сол латынның, арабтың, орыстың әліпбилерін қолданып келді ғой. Соның бәрін сол кездің өзінде меңгеріп алған еді ғой. Ендеше, латынға көшуде де еш қиындық болмауы тиіс.
– Латын әліпбиіндегі қаріптердің бәрі де бұрыннан бар, оған көз үйрету қиын емес. Олардың ішінен өзіміздің «ә», «ғ», «қ», «ң», «ө», «і», «ұ», «ү», «һ» секілді төл таңбаларымызды айырып алу маңызды. Оларды қос дыбыспен немесе ноқатпен белгілеуге болады. Сіз қайсысын таңдар едіңіз?
– Олардың арасында анау айтқандай айырма жоқ. Адамның көзі бәріне де үйренеді. Бастысы, жаңа қаріпті қоғамның санасы қабылдап, дағдылана берсе болғаны. Жалпы, қай бастаманы қолға алмас бұрын, оны жан-жақты зерделеп, бір шоқып, екі қараған дұрыс-ақ. Өзіңіз де білесіз, қашанда дәйекті дәлелмен ғана пікір айтатын Мұхтар Шаханов латынға көшуде тек бір ғана нәрседен қауіптенетінін айтқан болатын. Ол – мемлекеттік тілдегі контенттің мүлде қолданыстан шығып қалуы.
– Бұл не деген сөз?
– Шаханов арнайы зерттеу жұмыстары барысында іс-қағаздар мен басқа да қолданыстарды былай қойғанда, қарапайым қарым-қатынастың өзі көбіне орыс тіліне құрылатынын анықтаған. Бұл – ащы да болса шындық. Егер бүгінде азаматтарымыз туған жерінде тұрып ана тілінде сөйлей алмаса, ертең латын тіліндегі газет-журналдарды оқи қоюы екіталай ғой. Сөйтіп, олар кириллица қарпіндегі контентті қолданады. Осыдан келіп, қоғам екіге бөлініп кетуі де ғажап емес. Сондықтан, мәселенің екі жағын бірдей қарастыру керек. Халықтың алуан пікірін ескеру қажет.
Менің пікірімше, тек қазақ тіліндегі ғана емес, өзге де тілдегі мұраларымыздың барлығын латын графикасына көшірген дұрыс деп ойлаймын. Айталық, ертең оқырмандардың бір бөлігі «Прикаспийская коммуна» газетіне жазылып жатса, таң қалмаңыз. Екіншіден, мұрағаттағы қордың бәрі кириллицада жазылған. Ал, оны латынға аудару үшін қаншама қаражат керек? Оны бөлуге үкімет дайын ба? Сондықтан көне мұраларымыз латынға аударылмай қалып қоюы да әбден мүмкін. Осы жағын ұмытпаған жөн.
– Демек, алдымен қоғам бұл жаңалықты санасына сіңіріп, дағдыланып алуы керек қой?
– Қай бастаманы қолға алсақ та, алғашқыда оңай тимейді ғой. Мәселен, шыны ыдысқа ыстық суды бірден құйып жіберсеңіз, жарылып кетеді. Сол секілді, латын әліпбине толық көшкенге дейін кириллица да қатар жүріп отыратыны сөзсіз. Оның үлесін біртіндеп азайтып отыруымыз керек. Осылайша, ақырындап толықтай көшетін боламыз. Ең оңтайлы шешім осы деп ойлаймын. Себебі, тіл – өте күрделі құбылыс. Ол тек жазу-сызудан ғана тұрмайды. Оның артында парасатты пайым мен терең ой жатыр.
– «Ауырғанын жасырған өледі» дегендей, бүгінде іс-қағаздардың бәрі орыс тілінде жүргізілуде. Бұл мәселені латын графикасы арқылы шешуге бола ма?
– Өкінішке орай, қазір қай мекемеге барсаңыз да, құжаттар тек орыс тілінде ғана дайындалатынын көресіз. Таза мемлекеттік тілде қызмет атқаратын не көрсететін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Айталық, өзіміздің унвиерситетімізге сырттан құжаттардың бәрі орыс тілінде келеді. Оларды қазақ тіліне аударып, көп уақыт жоғалтуға тура келеді. Сол құжаттарды дайындайтын министрлік өкілдеріне үкімет тарапынан қатаң талап қойылуы тиіс!
Алаштың ардақты азаматтарының бірі, жерлесіміз Халел Досмұхамедов: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде сөйлей білу – сүйініш, өз тіліңді білмей тұрып сөйлеу, ол – күйініш» демеп пе еді?! Қалай десек те, ана тілін толықтай меңгеріп алмайынша, латынға көшу оңайға соқпасы анық.
– Елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері бар екенін білесіз. Олардың өміріне жаңа әліпби қандай өзгерістер әкелмек, қалай әсер етпек?
– Дұрыс айтасыз, қоғамның бәрі бірдей қазақ тілді емес қой. Әсіресе, орыс тілді азаматтардың үлесі көп. Оларға алғашқыда қиын болары айтпаса да түсінікті. Бірақ, бұл жерде мынаны ескерген жөн, егер адамзат баласы алға ұмтылып, шын талпынса, алмас асуы, бағындырмас белесі болмайды. Жалпы, бұған қатысты өзге ұлт өкілдерінің пікірлері қандай соны біліп алған жөн. Соның ішінде, сауалнаманы қарапайым еңбек адамдарынан бастаған дұрыс. Бұл сіздердің, яғни, журналистердің еншісіндегі міндет.
– Бүгінде балаларын орыс тілді сыныпқа беретін ата-аналар азаймай отыр. Неге деп ойлайсыз?
– Шынымен де, қазір «орысша және ағылшынша білген бала далада қалмайды» деген түсінік әлі де бар. Сонда, туған тіліміз, мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміз – қазақ тілін өзіміз қолданбасақ, ол басқаға керек пе? Атыраудан шыққан алаштың ардақты ұлы – Халел Досмұхамедов «өз тілін білмеген ел – ел болмайды» деп айтып кетті емес пе? Түркі ғалымы Махмұд Қашқаридың да «Қазақы тәрбиенің түп тамыры, ол – қазақ тілі. Әр қазақ бүлдіршіні – қазақ мемлекетінің іргетасы, мықты тіреуі» дегені бар-ды.
Рас, ағылшын тілі жарқын болашаққа жол ашуы да мүмкін. Өйткені, ол – дүние жүзінің білім-ғылымына, халықаралық ақпарат кеңістігіне жол ашады. Міне, баласының болашағына алаңдаған ата-ананың жеке бас мәселесін ұлттық мүддеден жоғары қойып жүргені де сондықтан шығар, бәлкім.
Менің де бір танысым еліміз егемендік алғаннан кейін мектепке барған баласын «орыс тілі артық етпейді» деген ниетпен орыс сыныбына берген еді. Бірақ ол үйде де, түзде де айналасындағы адамдармен қазақ тілінде сөйледі. Орысшаны тек сабақ үстінде ғана қолданды. Соның бір әсері болды ма, сабаққа үлгермей жүрді. Кейін жоғары оқу орныа түскенде қазақ бөлімін таңдады. Қазір сабағы жақсы, тіпті, қсоымша мамандығы бойынша жұмысын да жасап жүр. Демек, баланы мектепке бермес бұрын, қай тілге икемі бар екенін анықтап алған жөн.
Осындай ата-аналардың тағы бірі немересін орысшаға амалдың жоқтығынан бергені бар. Айтуынша, бала үш жасында орысша сөйлей бастаған. Айналадағы құбылыстарды орыс тілінде қабылдап, әр заттың атауын орысша таныған. Сондықтан невропатологтардың «миға көп күш түсірмей, баланы орысшаға берген дұрыс» деген кеңесіне жүгінген екен. Айтса айтқандай, кейін балабақшада, мектепте әлгі баланың сабақ үлгерімі өте жоғары болған, үлкен жетістіктерге жеткен. Әйтсе де, қазақ тілін де ұмытпаған.
Ал, тарихқа шегінер болсақ, кеңес заманында көршілес елдер халқымыздың болмыс-бітімін, әдебиеті мен мәдениетін терең зерттеген болатын. Нәтижесінде, кеңес үкіметі әйелдерді орысша оқытуға бет бұрған. Ондағы мақсат – болашақ отбасының ұйтқысы болып табылатын қыз баланы орыс тілінде тәрбиелеу арқылы қазақ тілін біртіндеп ұмыттыру еді. Міне, сол солақай саясаттың сарқыншағы әлі де сезілетін сияқты. Бұрын қазақ тілінде балабақшалар болмады, сондықтан қазақ тілінің жағдайы мүшкілдеу болды. Бірақ, қолымыз ауызымызға жеткенде қалайша ана тілімізден аттап кете аламыз?
Бүгінде орыс сыныбында оқығандар қазақ тілі мен ағылшынды игере алмай жатса, ал, қазақ сыныбындағылар үш тілді де еркін меңгеріп жатқаны байқалады. Сондай-ақ, елге белгілі азаматтардың көбісі кезінде қазақ тілінде білім алғандар екен. 2016-2017 оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары үш тілде білім алуға көшті. Информатика, химия, биология, физика пәндері – ағылшынша, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы – қазақша және орыс тілі мен әдебиеті, дүние жүзі тарихы – орыс тілінде оқытылатын болды. Сөйтіп, орта білім беретін мектептерде ортақ жүйе қалыптасты. Бұл – үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары.
Иә, көптілділік ешқашан артық етпейді. Бірақ, еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық қалыптасуын өзгерте алсақ та, ықылым заманнан бері келе жатқан оқушының сабақ жүктемесі өзгертуге келмейді. Қазір оқушылардың сөмкесін көтеріп қараңыз, шамадан тыс ауыр. Осындай салмақ оның миына да түседі. Олай болса, оқулықтардың бұрынғы формасын қалпына келтіру керек. Осы орайда, ағылшын тілін бесінші сыныптан бастап үйреткен дұрыс деп санаймын. Бесінші сыныпқа дейін бала өз айналасын ана тілінде қабылдап үлгереді.
Бақандай жетпіс жыл бойына орыс тілі үстемдік құрды. Одан тез уақытта ажырап кете алмаймыз. Бәріне уақыт сыншы, мұны да түсінген жөн. Қазақ әліпбиі өз тарихында төртінші рет өзгерейін деп тұр. Өзгерістердің бәрі де өмірден туындайды, оған қашан да дайын болу қажет.
Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол бәрінен биік тұратын рухани құндылық, Елбасы айтқан ұлттық код. Ол болмаса, ұлт та, халық та, мемлекет те жойылады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ал, бірлік бар жерде тірлік бар, өсу мен өркендеу бар. Бірақ, бұған ана тілін құрбан ету арқылы ғана жетуге болады деп ойлау – дұрыс емес.
– Қазақ тілі өзге тілдерден артық болмаса, кем емес дейсіз ғой...
– Әлбетте! Орыс этнографы Григорий Потанинн біздің тілімізге әлемдегі ең бай үш тілдің бірі деп баға берді. Бұл ретте, орыс тілі анағұрлым кедей келеді. Екіншіден, осыдан 550 жыл бұрын хандық құрған Керей мен Жәнібектен Кенесарыға дейінгі басшылардың бәрі қазақ даласын қазақ тілінде басқарды ғой. Кешегі алаш үкіметінің арыстары да дәл солай. Олай болса, шұрайлы тілімізді менсінбеуге еш негіз жоқ. Латын әліпбиіне келсек, ол компьютерлік технологияның тілін білу үшін керек. Озық дамыған отыз елдің 70 пайызы латын қарпін қолданады. Мен жаңа әліпби үйренуге қиын деген пікірге мүлде қарсымын. Ағылшын тілінде еркін сайрап жүрген қазақ жастары латынша жаза алмайды дегенге сенбеймін, - дейді ол.
Жеті түрлі тіл білсең де, ешқайсысы ана тіліңдей бола алмайды. Қырық жылдан астам уақыт жырақта жүрсе де, ана тілін ұмытпай, ұрпағын өзі туған тілде тәрбиелеген жерлесіміз Оңайша Мандоки Венгриядағы қазақ қауымдастығын басқарып келеді. Ол арғы тегін ұмытқан ұрпақ барлық ұлттық және халықтық қасиеттерден айырылатынын айтады. Адамның мінез-құлқы, ар-анмысы да сөйлеп тұрған тіліне сәйкес қалыптасады. Ал, туған тілінен нәр алғандар қазақ екенін ешқашан ұмытпайды. Яғни, бала қай тілде сөйлесе, сол тілде ойланады, өміріндегі маңызды шешімдерді қабылдайды. Сондықтан, ол өз балаларын бес жасқа дейін тек қазақ тілінде ғана тәрбиелепті. Ал, мажар тілін кейінірек үйреткен.
Сайып келгенде, орысша білмей қалады дейтін ата-аналардың пікірі қисынға келмейді. Себебі, қазір телевизия, ғаламтор кеңістігі орыс тіліне лық толы. Оны күнделікті көріп жүрген бала сол тілді санасына сіңіреді. Есейген шағында ойын орысша жеткізеді, болмаса, орыс тіліндегі мәтінін әупірімдеп қазақ тіліне аударып береді.
Сіз білесіз бе, Испания мен Израиль мемлекеттерінде мектептегі барлық пән 7 сыныпқа дейін тек испан мен еврей тілінде ғана жүреді. Содан кейін ағылшын тілінде оқытылады. Осылайша, ондағы мамандар қоршаған ортаны өз тілінде танып білген соң ғана бала өзге тілдерді үйрене алады деген пікірге келген.
– Жалпы, сөйлеу – адамның бір-бірімен қатынасында ойын, еркін сезімін білдіріп, жеткізу үшін тілді қолдану үрдісі. Ендеше, бүгінгі жастарымыз қара сөзге неге сараң?
– Себебі, компьютерге қадалған «білгіштеріміз» қарапайым сөз құраудан да қалып, алаңсыз жаһанданудың жетегінде кетіп бара жатқан жайы бар. Олардың күнделікті қолданып жүрген сөздерінде орысша да, қазақша да жаргондар араласып тіл тазалығы мүлде бұзылып барады. Мысалы, «тормоз», «зависать етті», «базар жоқ», «косякқа кіргізу», «құлаққа лапша ілу», «счетчик қою», «маяк тастау», «скидовать ету»...
Оқушы, студент жастар арасындағы сөз тіркестеріне құлақ түрсеңіз, «крышасы бар», «ботан болу», «миды шіріту» деген сөздерді естисіз. Әдетте фразеологиялық мағынаның пайда болуына дәстүрлі тіршілік пен мәдени өмірдің әсері мол. Образға негізделген көрініс тіл арқылы жарыққа шыққанда ондағы ұлттық қабылдау, қазақи дүниетаным, ойлау аңғарылуы тиіс. Бұдан келіп ауызекі сөйлеу тіліміздің сәл болса да мағына жағынан құлдырағанын көреміз.
Сөздердің көпшілігі дөрекі, тұрпайы болып келеді. Бұлай болуы жастар тіліне, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге тікелей байланысты. Қазіргі кезде «косякқа тығу», «сындыру», «қораға кіргізу» сынды тұрақты тіркестер қолданылуда. Бұлардың тек маржандай тіліміздің құнсыздануына ғана емес, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де тигізер зияны аса зор.
Жалпы, тілдің дұрыс дамуы, не құрдымға кетуі әртүрлі алғышарттарға байланысты. Олар – қазақ тіліндегі бағдарламалар, отандық кино, өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас, дәстүрлі емес қоғамдық ағымдар, заманауи музыка, әлеуметтік желілер, қоғамдағы келеңсіз жағдайлар, т.с.с.
Тіл – қай ұлттың болмасын, тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі. Қандай тіркес болмасын ол – халық өмірінің әрқилы кезеңдерінен көрініс табады. Уақыт өте келе, тілдегі қолданыста жүріп, тұрақталып қалған тіркестер өзгеріп, басқа мағынаға ие болып жатады. Алайда заман талабы осы екен деп, мән-мағынасыз сөздерді қолдану қазақ үшін жат қылық.
Санақ мәліметтеріне сүйенсек, қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес, барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” куә бола алады. Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
«Күн шалмас қараңғы көңілді сөз шалады, күн жылытпас сұм жүректі сөз жылыта алады» деп бекер айтылмаған. Халық айтса, қалт айтпайды ғой. Қалай болғанда да, «от ауызды, орақ тілді» деген атымызға затымыз сай болсын. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе беріліп отыр. Олай болса, қолда бардың қадірін біліп, аталы сөздің бағасын кетірмейік дегім келеді.
Ұлт қайраткері Халел Досмұхамедұлының мынандай сөзі бар: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш». Осы айтылғаннан да көп тағылым алуға болар еді.
– Салиқалы әңгімеңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ