Мейірім Қалауи Сарыөзек пен Алмалы тұрғындарымен кездесті

Алдымен әкім Сарыөзек аумағындағы бау-бақша қоғамдық қауымдастығының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Ерболат Умаров келешекте егжей-тегжейлі жоспарлау барысында тұрғындар көтерген мəселелер қамтылатынын айтты.
- Саяжай тұрғындары өздері тұратын аумақтың мәртебесінің өзгеріп, заңды түрде тұрғын үй алабы ретінде қайтадан рәсімделуін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Осы ретте, саяжай учаскелерінің топографиялық түсіріліммен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірленді. Жобада аталған аумақта қанша тұрғын үй салынуы қажет, балабақша мен мектебі қалай болуы керек, жолдары қалай төселуі керек, осы секілді мəселелер қаралған, - деді әкім орынбасары.
Өз кезегінде жиында сөз алған жобалау жұмыстарына жауапты «АТС Град» ЖШС-нің өкілі Қасиет Ташымбетов саяжайдың жоспарлау жобасымен таныстырды.
- Қазіргі таңда аумақта 356 жеке тұрғын үй орналасқан. Жобамен аталған аумақта тағыда 102 жеке тұрғын үй салу көзделген, жалпы алғанда есептік мерзімде аталған аумақтың халық саны 1,8 мың адамды құрайтын болады. Сонымен қатар, жобада жергілікті халықты әлеуметтік маңызы бар нысандармен толықтай қамтамасыз ету көзделген, - деді жобалаушы Қасиет Ташымбетов.
Кездесуде тұрғындарды толғандырған өзге де мәселелер қаралып, сұрақтарға жауап берілді. Айта кетейік, бүгінде қаладағы 30 дан астам саяжай алабында 20 мыңнан астам халық тұрады.
Сондай-ақ, қала әкімі белгіленген кестеге сәйкес Алмалы ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, жауапты мемлекеттік органдар және коммуналдық мекеме өкілдері қатысты. Кездесу барысында қала әкімі ауылдық округке әлеуметтік нысандар салу мәселесі өзекті екенін айтып, атқарылған жұмыстар жайында баяндап, алдағы жоспармен бөлісті.
Сонымен қатар, алмалылықтар қоғамдық көлік, байланыс желісі, жер кезегі, жазғы су құбырын жүргізу мәселесі және т.б. сұрақтарды көтерді. Жұртшылық өтінішін тыңдаған өңір басшысы тұрғындардың айтылған ұсыныс, пікірлері бойынша шаралар қабылданатынан айтып, барлық сұрақтар бақылауға алынғанын жеткізді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ