Бұл мәселе 31 мамыр күні Атырау бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында өткен дөңгелек үстелде көтерілді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Мақсат – халық арасында санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шарада облыстық білім басқармасына қарасты Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы, мамандандырылған мектеп гимназия интернаты, теміржол, әуе көлігі және басқа да мекемелер мен ұйым өкілдері өз ойларын ортаға салды.
«Жазда күн ыстық, азық-түлік тез бұзылатын, түрлі инфекциялардың өршитін кезі екенін ұмытпаған абзал» дейді мамандар.
Шара барысында балалардың жазғы демалысы кезіндегі санитарлық-гигиеналық шаралар туралы жалпы нұсқаулар ұсынылды. Мәселен, сапарға шыққан кезде балалардың жол жиынтығына зор мән беру керек екен. Онда бұқтырылған ет, көкөніс консервілері, өз сөлінде дайындалған балық консервілері, тез дайындалатын тамақ өнімдері, печенье, нан өнімдері, жеке қаптамадағы өлшеп құйылған жеміс-жидек шырындары болуы қажет.
Медбике және тәрбиешілер балалардың тамақ ішер алдында, көкөністер мен жемістерді қолданарда және дәретханадан шыққан кезде қолдарын сабынмен дұрыстап жуып, тез бұзылатын тамақтардың сақталу мерзіміне мән беруі қажеттігін ескертті.
Ақбота МАГПАРОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Журналистика және ақпарат» мамандығының 1-курс студенті
Фото: ашық дереккөз